400 млн теңге ұрлады деп айыпталған Алматы әуежайының экс-президентіне сот үкімі шықты
Алматы қаласы Түрксіб аудандық соты бөтеннің мүлкін аса ірі мөлшерде заңсыз иемденді және ұрлады деп айыпталған Алматы халықаралық әуежайының экс-президенті Б.-ға және авиациялық жанар-жағармай қызметінің басшысы Т.-ға қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды Kazinform.
Сотпен белгілі болғандай, Б. 2016 жылдан бастап әуе кемелеріне жанар-жағармай құю үшін «ТА» ЖШС арқылы авиа тасымалдаушылардан алынған қаражатты ұрлау схемасын әзірлеп, жүзеге асырған.
"Қылмыстық жоспарын жүзеге асыруға ол өзінің алыс туысы - әуежайдағы авиациялық жанар-жағармай қызметінің басшысын Т.-ны тартқан. Осылайша, Б. Т.-ға «Украина» халықаралық авиакомпаниясының ұшақтарына жанармай құю кезінде отын шығыны туралы екі түрлі тапысырыс жасауды тапсырған. Толтырылған жанармайдың нақты көлемін көрсететін бір тапсырыс ұшақ экипажына берілген. Оған сәйкес, әуе компаниясы «ТА» ЖШС-не төлем жасаған. Екінші тапсырыста әуежай қызметкерлері құйылған жанармай көлемін аз қылып көрсеткен. Орташа алғанда әр толтыру көлемі 5 тоннаға кем бағаланған.
Осылайша, әуе компаниясы құйылған авиакеросиннің нақты көлемі үшін «ТА» ЖШС-не ақша аударса, ЖШС өз кезегінде төмендетілген көлем үшін әуежайға төлем жасаған", - деп жазды Алматты соттарының ресми парақшасы.
Б. және Т. жанармай көлемінде аз айырмашылық көрсету үшін, ұшу-қону жолақтары мен әуе кемелерінің тұрағын тазартуға шыққан жел машиналарының реактивті қозғалтқыштарына жұмсалды деп жалған есеп шығарған.
Әуе жанармайы көлемінің айырмашылығына байланысты ЖШС шотында қалған ақша қаражаты алынып, аталған заңсыз әрекетке қатысы жоқ оның кеңесшісі және жүргізушісі арқылы Б.-ға аударылған.
Сот-экономикалық сараптамасының қорытындысына сәйкес, 2016 жылдың басынан 2018 жылдың маусымына дейінгі кезеңде қылмыстық әрекеттерден келген шығын 1 миллион 250 мың АҚШ долларын (411,6 миллион теңге) құрады.
Б. және Т. 913 165 АҚШ доллары сомасындағы қаражатты өз қалауы бойынша тікелей иемденген.
Айыпталушылар кінәларын мойындамады.
Сот үкімімен Б. және Т. кінәлі деп танылып әрқайсысына 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы және 10 жыл мерзімге материалдық жауапкершілікке байланысты лауазымдарды атқару және коммерциялық ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сондай-ақ сот азаматтық талапты қанағаттандырып, Б. мен Т.-дан 913 165 АҚШ доллары немесе 417 891 698 теңге материалдық шығынды бірлесіп өндірді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.