Ақша және АҚШ: қай ұйымдар қомақты қаржыдан қағылады

АСТАНА. KAZINFORM – Вашингтон Париж келісімінен шығады, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын қаржыландыруды тоқтатады және сыртқы көмекті уақытша доғарады. Әлем АҚШ-тың шешімдері мен қаржысына қаншалықты тәуелді, және мұндай тәуелділік тұрақтылыққа қалай әсер етеді – Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі сараптап көрді.

Кого США лишают финансирования
Коллаж: Kazinform/Freepik/EPA/who.int/un.org

ДДҰ-ны қаржыландырудың тоқтауы

Дональд Трамп президенттік қызметінің алғашқы күні АҚШ-тың Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан шығатынын мәлімдеп, оны тиімсіз әрі саяси тәуелді деп айыптады. Сондай-ақ, ол АҚШ-тың ұйымға жарналары басқа елдерге, соның ішінде Қытайға қарағанда тым жоғары екенін сынға алды.

– Трамптың ДДҰ-мен қарым-қатынасындағы негізгі мәселесі – Қытайды COVID-19 пандемиясы үшін айыптауды жалғастыруға ұмтылуы сияқты. Алайда ғылыми дәлелдер оны теріске шығарды, тіпті АҚШ Біріккен штаб бастықтары комитетінің төрағасы да биологиялық қару туралы позицияны мақұлдай алмады, – дейді Ұлыбританияның Корольдік бірлескен қорғаныс зерттеулері институтының ғылыми қызметкері Дженнифер Коул.

АҚШ ДДҰ жарналарының шамамен 14%-ын қамтамасыз етеді. 2024-2025 қаржы жылында ұйымның жалпы бюджеті 6,8 миллиард доллар болды, оның ішінде АҚШ 958 миллион доллар бөлген. Басқа ірі донорлар қатарында Билл және Мелинда Гейтс қоры (689 миллион доллар), Вакциналар мен иммундау жөніндегі жаһандық альянс (500 миллион доллар) және Еуропалық комиссия (412 миллион доллар) бар.

Дональд Трамп заявил о выходе США из Всемирной организации здравоохранения
Коллаж: Kazinform/AP/Anna Moneymaker

Сыртқы көмекті уақытша доғару

Сол күні Трамп сыртқы көмектің сыртқы саяси басымдықтарға сәйкестігін тексеру үшін оны 90 күнге тоқтату туралы өкім етті. Израиль мен Мысырды әскери қаржыландыру бағдарламалары ғана бұл шешімнен тыс қалды.

– Шетелдік мемлекеттерге даму мақсатында көмек көрсету бағдарламаларына жауапты барлық министрліктер мен агенттік басшылары жаңа міндеттемелерді және даму көмегіне бөлінетін қаражатты дереу тоқтатуы қажет, – делінген Трамп қол қойған жарлықта.

АҚШ халықаралық көмектің ең ірі доноры болып қала береді. 2023 жылы бөлінген қаражат көлемі - 68 миллиард доллар. Қолдау алған 180-ге жуық елдің ішінде Украина, Израиль, Иордания және Мысыр көш бастаған.

– Біз жұмсаған әрбір доллар, қаржыландырған әрбір бағдарлама және жүзеге асырған әрбір стратегия үш қарапайым сұраққа жауап беруі керек: бұл Америка үшін қауіпсіздікті арттыра ма? Бұл Американы күшейте ме? Бұл Американы мейлінше өркендете ме? – дейді АҚШ-тың жаңадан тағайындалған мемлекеттік хатшысы Марко Рубио.

Сауалнамаларға сәйкес, америкалықтардың көпшілігі сыртқы көмекке тым көп федералдық қаражат жұмсалып жатыр деп есептейді, әйтсе де оның нақты үлесі көбінесе асыра бағаланады. Орташа есеппен респонденттер бұл шығындарды федералдық бюджеттің 26%-ы деп санайды, алайда U.S. News & World Report журналы шын мәнінде олар триллиондық федералдық шығыстардың 1%-ынан да аз екенін жазды.

Париж климаттық келісімінен шығу

Сондай-ақ Трамп АҚШ-тың Париж климаттық келісімінен шығуы туралы жарлыққа қол қойып, мұнай мен газ өндіруді арттыруға бағытталған қосымша бұйрықтар берді. Бұл шешім әлемдегі қауымдастықтардың ғана емес, болашақ сын-қатерлерге дайын емес АҚШ-тың да осалдығын арттыра түсті.

– Климаттың өзгеруінің әсері, мысалы, Лос-Анджелестегі жойқын орман өрттері төтенше күн райы құбылыстарының саяси және әлеуметтік шекаралардан асып түсетінін айқын көрсетеді, – деп есептейді Ұлыбританияның Халықаралық қатынастар жөніндегі Корольдік институтының ғылыми қызметкерлері Патрик Шредер мен Бхаргаби Бхарадвадж.

Олардың айтуынша, климаттың өзгеруі мен жерді пайдалану мәселелері Калифорнияда ғана емес, бүкіл Солтүстік Америкада және әлемнің басқа да аймақтарында ауқымды өрттердің көбеюіне ықпал етіп отыр. БҰҰ Қоршаған орта бағдарламасының 2022 жылы жариялаған есебіне сәйкес, 2030 жылға қарай экстремалды өрттер саны 14%-ға, ал ғасырдың соңына дейін 50%-ға артады.

АҚШ-тың Париж келісімінен шығуы ұлттық мүдделердің жаһандық міндеттемелерден жоғары қойылғанын айқын көрсетеді. Бұл жағдай маңызды сұрақ туындатады: Вашингтонның халықаралық құрылымдарға нақты ықпалы қандай және олардың шешімдері әлемдік саясат пен экономика болашағын қаншалықты қалыптастыра алады?

Выход из Парижского соглашения по климату
Фото: EPA

АҚШ – халықаралық ұйымдардың басты инвесторы

2023 жылы АҚШ 160 халықаралық ұйымды қолдау үшін 16 миллиард доллардан астам қаражат бөлді.

Америка қаржысын ең ірі алушы БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы болды, 3,8 миллиард доллардан астам қаражат – бағдарлама бюджетінің 45,8%-ы.

Екінші орында – БҰҰ-ның Босқындар істері жөніндегі жоғарғы комиссарының басқармасы, оған Вашингтон 1,8 миллиард доллар (жалпы бюджетінің 16,5%-ы) бөлді.

Үшінші ірі көмек алушы – 1,45 миллиард доллар немесе бюджетінің 41,4%-ын алған Халықаралық көші-қон ұйымы.

Басқа да ірі ұйымдар арасында АҚШ қаржыландыруы 1 миллиард доллардан асқан (11,2%) БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) және АҚШ-тан 800 миллион доллардан астам қаражат алған ЖИТС, туберкулез және безгекке қарсы күрес жөніндегі жаһандық қор бар. НАТО бұл тізімде жетінші орында тұр: альянсты қолдауға 768 миллион доллар бөлінген.

инфографика
Фото: Kazinform

АҚШ-тың БҰҰ және халықаралық қаржы институттарына ықпалы

АҚШ – БҰҰ бюджетінің ең ірі доноры, жалпы БҰҰ бюджеті 3,59 миллиард доллар болса, ондағы АҚШ-тың үлесі – 22%. Одан кейін Қытай (15%) және Жапония (8%) тұр. 5,6 миллиард доллар болатын бітімгершілік операцияларының 26,9% шығынын Вашингтон, ал Қытай – 18,7%, Жапония – 8% өтейді.

Бұған қоса, АҚШ Дүниежүзілік банк, Азия даму банкі, Еуропалық қайта құру және даму банкі, сондай-ақ Халықаралық валюта қоры сияқты ірі халықаралық қаржы ұйымдарын басқаруда маңызды рөл атқарады.

– Тұрақты және инклюзивті жаһандық экономикалық өсуді ынталандыру үшін және ұлттық мүдделерімізді қорғау үшін АҚШ халықаралық қаржы институттарының саясаты мен несиеленуіне белсенді қатысады. Бұл институттар АҚШ-тың сыртқы саяси мүдделері мен жаһандық қауіпсіздік мақсаттарына қолдау көрсетеді, – делінген АҚШ Қаржы министрлігі Конгреске дайындаған баяндамада.

США в ООН
Фото: Spencer Platt/Getty Images

Қазіргі таңда АҚШ – Африка даму банкін қоспағанда, өзі мүшелік ететін барлық халықаралық қаржы ұйымдарының ірі акционері болып қалып отыр.

Соңғы жаңалықтар