Ақша жымқырудың сантүрлі тәсілдері жойылар емес - ҚР Президенті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Заңсыз айналымға қарсы күрес шараларын күшейтіп қана қоймай, бұл істе тың серпіліс жасау керек. Бұл туралы бүгін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 2-отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақша жымқырудың сантүрлі тәсілдері жойылар емес - ҚР Президенті

«Мемлекет тарапынан қабылданған шараларға қарамастан көлеңкелі экономика мәселесі шешімін таппай отыр. Жалған фирмалар ашып, ақша жымқырудың сантүрлі тәсілдері жойылар емес. Шын мәнінде бұған қарсы тиімді күресе алмай келеміз», - деді ҚР Президенті.

Мемлекет басшысы құзырлы органдар көбіне тиісті шараларды дер кезінде қолданбай отырғандығын айтты.

«Соның салдарынан кінәсіз кәсіпкерлер де зардап шегеді. Ал нағыз ұйымдастырушылар жауапкершіліктен құтылып кетеді. Сондықтан заңсыз айналымға қарсы күрес шараларын күшейтіп қана қоймай, бұл істе тың серпіліс жасау керек. Кеңес мүшелері осы жұмысқа бизнес өкілдерін жұмылдыруды ұсынды. Өздерінің ықтимал контрагенттерін бағалау және тексеру үшін оларға тиімді құрал беру қажеттігі айтылды», - деді Қ.Тоқаев.