«Ақшаны қай валютамен сақтаған жөн» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 26 шілде, сенбі күнгі республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Ақшаны қай валютамен сақтаған жөн» - баспасөзге шолу

***

Елбасы «Қазақстан жолы - 2050»: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты стратегиялық мәні зор Жолдауында елімізде жекешелендірудің екінші толқынын жүргізу жөнінде тиісті міндеттер қойғаны мәлім. Соған сәйкес, Үкіметтің 2014-2016 жылдарға арналған кешенді жоспары қабылданып, бүгінгі күні елімізде оны жүзеге асыру кезеңі басталып та кетті. Республиканың батыстағы қақпасы - Ақжайық аймағында бұл істің қазіргі жай-күйі қандай? Батыс Қазақстан облысының қаржы басқармасы мен жекешелендірудің екінші толқынын жүргізу жөніндегі уәкілетті органның басшысы А.Б.Салахатдинова бұл жайында « Егемен Қазақстан » газеті тілшісіне берген сұхбатында тарқата айтып берген. А.Салахатдинованың айтуынша, бұл өңірде 2014-2016 жылдар аралығында мемлекетке қатысы бар 34 ұйымды оңтайландыру жөнінде ортақ ұйғарымдар жасалған. Мұның ішінде 16 ұйымды жекешелендіру, 8-ін қайта құру, 10-ын тарату көзделген. «Соған сәйкес облыс әкімдігінің қаулысы бойынша нақты тізім бекітіліп, облыс бойынша жекешелендіруге сегіз мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорындар, алты ЖШС және екі акционерлік қоғам тартылды. Бұлардың үшеуін биыл, жетеуін алдағы жылы, алтауын 2016 жылы жекешелендіру белгіленген», - дейді ол. Сұхбат « Жекешелендіру әділ өтеді » деген тақырыппен берілген.

«Кеше Орталық коммуникациялар қызметіне келген Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің төрайымы Сәуле Айтпаева Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдары қызметінің басты бағыттарына тоқталды», деп жазады « Егемен Қазақстан » газеті сенбілік санындағы «Қылмыс жасырылмай, ақиқат айқындалуда» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, ағымдағы жылдың өткен уақыты ішінде елімізде 168 мың қылмыс тіркелген, бұл былтырғы осындай кезеңнен сәл ғана кем екен. «1997 жылдан 2010 жылға дейін қылмыстылықтың 162 мыңнан артпағанын көреміз, яғни ол 135-140 мың аралығында қолдан тежеліп тұрған. Бірақ бүгінгі шынайы көрсеткіш қоғамымызда қылмыс күрт артып кетті дегенді білдірмейді. Бұл Президент Әкімшілігі мен Бас прокуратураның қылмыстың ашылуы мен жалған көрсеткіш қумай, қылмыстылықтың толық та шынайы көрінісін көрсету жөніндегі нұсқауын жүзеге асыру жолындағы барлық құқық қорғау органдарының бірлескен жұмысының игі жемісі», - деді С.Айтпаева.

***

Қолындағы артық-ауыс қаражатын қай валютада сақтау керектігі ел арасында жиі көтеріліп тұратын мәселе. Расы керек, экономикамыздың кейінгі жылдардағы даму қарқынына байланысты, елдің бірінің қолында азын-аулақ, екіншісінде молырақ қаржы бар. Ел тек күнкөріс қамын емес, болашақты ойлайтындай деңгейге жетті. Адамдар бірінен-бірі қалмай тіршілігін түзеуге әрекеттеніп бағып-ақ жатыр. Ендеше халық қолындағы қаржысын қай валютада сақтағаны жөн . « Айқын » газеті осы сауалдың жауабын табу үшін бүгінгі нөмірінде жария еткен « Ақшаны қай валютамен сақтаған жөн » деген тақырыптағы мақаласында маман пікірін қоса беріп отыр. Мәселен, экономика ғылымдарының докторы Бейсенбек Зиябековтің пікірінше, ақшаны қай валютада сақтау керектігі ең алдымен ақшаның көлеміне байланысты. «Күнделікті немесе алдағы бір-екі айда жарататын ақша болса, онда ол қаражатты ұлттық валютамен сақтаған жөн. Ал ақшаңыз өте көп мөлшерде болса, әртүрлі валютамен сақтау керек деп ойлаймын. Бұл - адамның қолындағы қаражатының көлеміне тікелей байланысты шешілетін мәселе. Қолында қаражаты аз адам оны әр валютаға қайта-қайта ауыстырып жүргеннің өзінде, біраз пайызға ұтылып қалады. Таяу мерзімде табан астында ұлттық валюта құнсызданып кетеді деген ешқандай қауіп жоқ. Бұл - біріншіден, уақытқа, екіншіден, экономиканың даму бағытына, үшіншіден, ақшаның көлеміне байланысты мәселе» - дейді ол.

«Қазіргі таңда қазақстандық бизнес, әсіресе, орта буын мамандарына қатысты өткір тапшылық көруде» деп мәлімдеді кеше Ұлттық кәсіпкерлер палатасы. Осы мұқтаждықты өтеу үшін Білім және ғылым министрлігі отандық кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін жаңғыртуға кіріскен болатын», деп жазады « Айқын » газеті. Басылымның жазуынша, кеше «Дуальды білім беруді ендірудің жол картасының» тұсауы кесілді. Бұл құжат 11 басымдықты саланы қамтиды, бұлар - басқару, машина жасау, тау-кен металлургия өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, экология, сервис, көлік, құрылыс, энергетика және коммуналдық шаруашылық секторлары. Оны жүзеге асырудың басы-қасында «Кәсіпқор» холдингі болмақ. Бұл іске, сондай-ақ Республикалық ғылыми-әдістемелік орталық та тартылуда. ««Жол картасын» әзірлеу барысында мамандар барлық өңірлердегі кәсіпорындарға сұрау салыпты. Олардан алынған мәліметтер бойынша әрбір облыс экономикасының басымдықты салалары анықталған екен. Бұл жерде Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы да ескерілген: оның аясында іске қосылатын зауыт-кәсіпорындарда қандай мамандарға зәруліктің барлығы және туындау мүмкіндігі сараланған. Нәтижесінде, басқаларына қарағанда, аталған 11 салада бизнестің кадрға деген мұқтаждығы үлкен екендігі анықталыпты», - деп жазады басылым. Мақала « Қандай маманға зәрусіз? » деген тақырыппен берілген.