Ақшәуліден самғаған Алаш баласына жерлестері қолдау көрсетті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Рио Олимпиадасына грек-рим күресінен ұлттық құрама сапында аттанған Досжан Кәртіковке туған елі Аягөз халқы да сәттілік тіледі. Өзі 6 жыл жаттыққан аудандық спорт мектебінде жас спортшылар мен жерлестері ерекше флешмоб өткізді, деп хабарлады www.24.kz.
Қойнауы тарихқа толы Ақшәулі тауының етегінде туып-өскен Досжан ең алғашқы жеңісіне 5 сыныпта аудандық жарыста қол жеткізген еді. Содан бері көптеген республикалық және халықаралық cайыстарда топ жарды. Былтыр Американың Лас-Вегас қаласында өткен әлем чемпионатында қола жүлдегер атанып, Олимпиадаға жолдама алып қайтты. Бұл салмақта 6 әлем чемпионы, Олимпиаданың 2 алтын және 1 күміс жүлдегері бақ сынағанын естеріңізге сала кетейік. Жерлесіміз алғашқы белдесуіне 14 тамызда шығады.
«Досжан бала кезінен намысты, жігерлі болды. Ол тек қана күресте емес, бізде өтіп жатқан футбол болсын, қандай жарыста болсын алда, өз командасын ұйымдастырып, алға тарта білетін жігіт болды. Осы Рио Олимпиадасында оның жеңіске жететініне біз сенеміз. Өйткені ол қазақтың намысын қорғай білетін, қазақтың туын көкке көтеретін жігітіміздің бірі деп есептейміз», - деді Д.Кәртіковтің алғашқы жаттықтырушысы Мұхтар Абдуллин.
«Өзі келіп, жатып, қымызынан ішіп, демалып қайтты. Тауға шықты, Ақшәулінің басына шықты. 20 жыл күреске қатысты, 20 жылдық еңбегі ақталсын дегім келеді. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына үлкен сыйлықпен ортамызға оралса, халқымызды қуантса, халқым қуансын деймін!», - деді Досжанның анасы Бақытгүл Кәртікова.