Ақшолақов, Омаров, Тихонюк «Астана қаласының құрметті азаматы» атанды
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Астана қалалық мәслихатының отырысында 3 азаматқа «Астана қаласының құрметті азаматы» атағы берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала басшысының атап өтуінше, Серік Қуандықұлының басшылығымен және тікелей қатысуымен 60-тан астам жаңа технология енгізілді. Олар бұрын біздің елде орындалмаған. Сонымен қатар, 2005 жылы Дүниежүзілік дәрігерлер ұйымының «Әлемнің қамқор дәрігері» атағына ие болды. Оның басшылығымен Нейрохирургия орталығында 5 мыңнан астам операция жасалып, еліміздің нейрохирургия саласы халықаралық дәрежеге жетті.

«Омаров Қайсар Оспанұлы – Қазақстан Республикасының қоғам қайраткері, Парламент Сенатының депутаты, еліміздің еңбек сіңірген қайраткері. Қайсар Оспанұлы заңнамалық базаны жетілдіру бойынша үлкен жұмыс жүргізді. Осы кісінің басшылығымен құрылыс, үлестік қатысу және тағы басқа мәселелер бойынша заңнамалық база сапалы түрде жақсартылды. Жобалармен жұмыс істеу кезінде қала құрылысын жоспарлау, жер учаскелерін бөлу, жобалау және құрылыс кезінде су қорғау және табиғат қорғау тәртібін сақтау мәселелері бойынша, сауда-өнеркәсіп палаталарының қызметі мәселелері бойынша және басқа да бірқатар заң жобаларына 80-нен астам түзетулер енгізді», - деді елорда әкімі.
Жеңіс Қасымбек сонымен қатар еліміздің еңбек сіңірген құрылысшы Тихонюк Николай Петровичке де осы атақты беруді ұсынды.

«Елорданы ауыстырған сәттен бастап қала әкімінің бірінші орынбасары, Сарыарқа ауданының әкімі қызметінде болды. Жаңа Астананың құрылысына үлкен үлес қосты. Оның тікелей басшылығымен көптеген үкіметтік нысандар салынды: жаңа Астананың басты символы -«Бәйтерек»кешені, әлемдегі ең биік шатырлы ғимарат - «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығы, теңізден ең алыс орналасқан «Думан» океанариумы, «Астана» Опера және балет театры», 10 мың орындық бірегей «Сары-Арқа» велотрегі және мемлекеттік нысаналы бағдарламаларға кіретін көптеген басқа жобалар. Осы жобалар арқасында елорда тұрғындарының өмір сүру деңгейі мен жағдайлары артты», - деді ол.
Мәслихат депутаттары бұл ұсынысты бірауыздан қолдады.