Ақсу ауданындағы Қызылағаш ауылына 33 отбасы оралды
АЛДЫҚОРҒАН. Наурыздың 15-і. ҚазАқпарат /Сандуғаш Дүйсенова/ - Ақсу ауданының Қызылағаш ауылында Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божконың және облыс әкімі Серік Үмбетовтың, орталық және жергілікті атқарушы орган басшыларының қатысуымен Су тасқынының салдарын жою жөніндегі үкіметтік комиссияның төртінші мәжілісі өтті.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, су тасқынының беті қайтқаннан кейін ауылға 33 отбасы оралды. Ауылда қалған адамдарды барлық қажеттімен, оның ішінде көмірмен, баллонды газбен, ауыз сумен, сондай-ақ аман қалған малдар үшін жем-шөппен қамтамасыз ету шаралары қабылданды. Ауылға оралған тұрғындарғы жалақы беріп, қалпына келтіру жұмыстарына тарту туралы да тапсырма берілді. Бұл шара әлеуметтік проблемаларды төмендетуге мүмкіндік береді.
Наурыздың 14-інде мектеп мен аман қалған 120 үй электр желісіне қосылды. Телефон байланысымен қамтамасыз ету үшін радиоантенна орнатылды. Өзеннің ар жағында орналасқан Ақтоған бөлімшесіне жарық пен телефон байланысы наурыздың 15-інде тартылады.
Қазір ауылда мектеп ғимаратының бірінші қабатының терезелеріне шынылар салу, ауылға оралған тұрғындар уақытша орналасулары үшін керуеттер орнату жұмыстары аяқталып келеді. Мектеп ауласында қоғамдық тамақтандыру қосыны орнатылды. Оған қоса, дала лагерінің орнына тағы екі қоғамдық тамақтандыру қосыны орнатылып, ауыл тұрғындары мен құтқару қызметкерлері үшін тегін ыстық тамақ ұйымдастырылды. Ауылда тәулік бойы полиция нарядтарының кезекшілігі ұйымдастырылған, соның арқасында әзірге бірде-бір мүлік ұрлау фактісі тіркелген жоқ.
Облыс әкімі Серік Үмбетовтың тапсырмасы бойынша барлық отарлар керек-жарақтармен қамтамасыз етілді. Рулонды шөптер, азық-түліктер шопандарға тікұшақпен жеткізілуде. Осы мақсатта Балқаш ауданынан апат болған аумаққа 45 тоннадан астам пішен жеткізілді. Иесіз жүрген 87 бас үй малы қауіпсіз аумаққа көшірілді.
Әкімнің тапсырмасы бойынша облыстың барлық аудандары мен қалалары Ақсу ауданына қайырымдылық көмек - азық-түліктер, киім-кешектер, малға арналған жем-шөптер жөнелтуде.