Ақсу ауданының 63 мектеп оқушысы жазғы демалыстарын «Көктал-Арасан» балаларды емдеу-сауықтыру шипажайында өткізеді
ТАЛДЫҚОРҒАН. Маусымның 14-і. ҚазАқпарат /Сандуғаш Дүйсенова/ - Су тасқынынан зардап шеккен Егінсу, Ақтоған және Қызылағаш ауылдарының 36 мектеп оқушысы жазғы демалыстарын Панфилов ауданындағы «Көктал-Арасан» балаларды емдеу-сауықтыру шипажайында өткізеді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, аудан әкімі Ермек Келемсейіт, емдеу-сауықтыру шипажайының бас дәрігері Құрманжан Ахметқалиев, «Әжелер» ансамблі, көркемөнер әртістері, және де бірнеше күн бұрын басқа аудандардан демалуға келген бүлдіршіндер балаларды жылы жүзбен қарсы алды.
Осының барлығы қызылағаштық ұлдар мен қыздарға көңілді демалыс сыйлаған «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы мен Қазақстан Кәсіби одағы республикалық федерациясының бірлескен іс-әрекетінің арқасында жүзеге асып отыр.
Жазғы демалыс күндері «Көктал-Арасан» балаларды емдеу-сауықтыру шипажайында Ұйғыр, Райымбек, Кербұлақ аудандарынан келген екі жүзге тарта бала демалатын болады.