Ақсу энергетиктері электр энергиясын өндіру жоспарын асыра орындады

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Қаңтар айында «Еуразиялық энергетикалық бірлестігі» АҚ-ның Ақсу электр стансасының ұжымы 1 млрд 422 млн-нан астам кВт/сағ энергия өндірді. Бұл жоспардан 32,7 млн кВт/сағ артық болып шықты, деп хабарлады кәсіпорынның баспасөз қызметі.

Ақсу энергетиктері электр энергиясын өндіру жоспарын асыра орындады

Өндіріс көлемінің ұлғаюы электр энергиясын тұтынушылар сұранысының артуына байланысты болды. Олардың арасында «Қазхром» ТҰК» АҚ, Қазақстан электролиз зауыты, Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі сияқты Қазақстанның ірі өнеркәсіп кәсіпорындары бар.

Еске сала кетейік, Ақсу электр стансасында 2001 жылдан бастап энергиялық блоктарды қалпына келтіру жұмыстары сәтті жүргізілді; 8 блоктың бесеуі кешенді жаңғыртылды. Қазіргі уақытта құны 277 млн доллар №5 энергиялық блокты қалпына келтіру жұмыстары басталды.

«ЕЭБ» АҚ-ы 1996 жылдан бері жөндеу жұмыстары мен электр стансасы жабдықтарының қалпына келтірілуіне 190 млрд-тан астам теңге жұмсаған.

Ақсу электр стансасының өндіру қуаттылығы - 2450 МВт.