Ақсу ферроқорытпа зауыты 50 жыл жинақталған күл қалдығын өңдейді
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов Ақсу қаласындағы өндіріс орындарын аралап, бірқатар жаңа жобамен танысты.
Аймақ басшысы металлургтер шаһарындағы жұмыс сапарын «Моноқалаларды дамыту» және «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламалары аясында субсидияланған «ДАНиЕР» ЖШС-нен бастады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Облыс әкіміне жобаның жетекшісі Нұрлан Нұрмағамбетов алдағы жоспарлар туралы мәлімдеді. Оның айтуынша, бүгінгі таңда полиэтилен құбырларды шығаратын аталмыш серіктестік өндіріс ауқымын кеңейтеді. Келесі жылы түзу тігісті темір құбырлар дайындау цехын қолданысқа енгізуді көздеп отыр.
«Өндіріс орны 2018 жылы іске қосылуы тиіс. Жаңадан тұрғызылған цехтың ауданы 4000 шаршы метрді құрайды. Цехқа қажетті жабдықтар осы аптада Қытайдан жеткізілген. Құрылғыларды келесі аптада орнатуды бастаймыз. 133-325 диаметрлік түзу тігісті темір құбырларды әзірлейтін боламыз. Жобаның құны - 1 млрд 100 млн теңге. Жоспарлы өндірістік қуаты жылына 37 мың тонна. 80 адамды жұмыспен қамтитын боламыз», - дейді «ДАНиЕР» ЖШС директорының орынбасары Әлішер Тұтқылов. Айта кетейік, дайын құбыр өнімін сату нарығы Қазақстан және көрші елдер болмақ. Бұдан соң өңір басшысы «Еуразиялық энергетикалық корпорациясы» АҚ электр стансасының № 5 энергоблогында жүргізіліп жатқан жаңарту жұмысын тексеріп шықты. Мұнда құны 55,2 млрд теңгені құрайтын жөндеу жұмысы 2015 жылы басталған болатын. - 2018 жылы энергоблок іске қосулы тиіс. Барлық жұмыстар белгіленген мерзімде аяқталады. Жаңарту электр станциясының қуаттылығын 25 мегаватка арттырады, - деп сендірді АҚ президенті Валерий Гриненко. Жұмыс сапары Ақсу ферроқорытпа зауытынан шығатын күлді екінші қайтара өңдеуге арналған жаңа кешенде жалғасты. Еуразиялық энергетикалық корпорациясының құрамына енетін «КазХром» АҚ Ақсу ферроқорытпа зауыты аумағында орналасқан кешен жылына 130 мың тонна металл концентратын шығаратын қуаты бар. Бес жылдың ішінде кәсіпорын өндіріс алыбының 50 жылға жуық уақыт жинақталған 4 миллионнан астам күл қалдығын өңдеп, осы шикізаттан құрылысқа қажетті, өртке тұрақты қиыршықтас пен құм алады. «КАЗРУДПРОМ ПК» ЖШС компаниясының атқарушы директоры Станислав Головинның сөзіне сүйенсек, кешенде шламды сүзгілейтін ішкі тұйық су контуры бар. Бұл қоршаған ортаны ластаудан толық қорғайды. Қазіргі таңда жаңа өндіріс кешенін тұрғызу үшін ұзақмерзімді жалға беруге 25 гектар жер бөлінді.