Ақсу ферроқорытпалар зауыты президенттік «Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға» формуласы бойынша жұмыс істеуде

ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ. Мамырдың 1-і. ҚазАқпарат /Вера Ливинцова/ - Ақсу ферроқорытпалар зауыты мамыр мерекесі қарсаңында қайта жаңғыртудан кейін жоғары көмірқышқылды феррохром шығататын №62 электр балқыту пешін іске қосты,

Ақсу ферроқорытпалар зауыты президенттік «Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға» формуласы бойынша жұмыс істеуде
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Жаңғырту барысында қуаты 81 МВА агрегат технологиялық өлшемдерді электрондық бақылау жүйесімен жарақтандырылды, шихталық материалдар жүктемесі автоматтандырылды. Әлемдегі дағдарыс Ақсу ферроқорытпа зауытына да әсерін тигізді, шығарылатын өнімдерге сұраныс азайды. Алайда компания басшылығы қол қусырып қарап отырмай, пештердің уақытша тоқталуы кезін президенттік «Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға» формуласы бойынша технологиялық жабдықтарды қайта жаңартуға пайдаланды. Құны 1,8 млрд. теңге тұратын пештерді күрделі жөндеу ? зауытты жаңарту және техникалық қайта жарақтандыру жөніндегі алты инвестициялық жобаның бірі. №61 пеш агрегатын қайта жарақтандыру жұмысы аяқталып келеді, оны іске қосу мамырдың 20-сына белгіленіп отыр. Жаңартылған пештің іске қосылуына қатысқан облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев ұжымды еңбек жетістіктерімен құттықтады және өндіріс көлемі өсіп келе жатқанын атап өтті. Жыл басында 12 балқыту пеші жұмыс істеп тұрған еді, қазір оның саны 20-ға жетті. Зауытта 6400 адам жұмыспен қамтылған, орташа жалақы ? 67 мың теңгеден асады. Кәсіпорын өз қызметкерлері үшін тұрғын үй салуды аяқтап келеді, металлургтер қоныс тойын маусым айында атап өтпек.