Ақсу қаласында қарттарды азаптаған пансионат қызметкері сотталды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Ақсу қаласында «Қамқор» әлеуметтік қызметтер орталығының тұрғындарына қатысты қатыгездік көрсету жөніндегі резонанс тудырған іс бойынша сот үкімі шықты. Бұл туралы Павлодар облысының прокуратурасы мәлім етті.

— Сот отырысы Ақсу прокуратурасының бейнекамералардан алынған жазбаларды зерттеу нәтижесінде жүргізілген талдаудың қорытындысына сай шешім шығарды. Онда естен тандырырлық зорлық-зомбылықтың фактілері тіркелген, — делінген хабарламада.
Пансионат қызметкері жүйелі түрде қамқорлықтағы адамдарға физикалық күш қолданып, оларды көшеде жылы киімсіз қалдырып, қыстың суығында қатты тоңуға мәжбүрлеп, азап шектірген.
— Жасалған әрекеттердің ауырлығын және олардың салдарын ескере отырып, сот айыпталушыны кінәлі деп танып, үш жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, — деп хабарлады прокуратурадан.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ақтөбе облысының білім беру саласында заң бұзған лауазымды тұлғалар жазаланғанын жазған болатынбыз.