Ақсу қаласында алимент төлеуден жалтарғандар 13 млн теңге қарыздарын өтеді - Павлодар облысы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар облысындағы Ақсу қаласында сот шешімі бойынша алимент төлеуге міндетті 1500 азаматтың 300-і өз міндетін орындаудан жалтарған.

 Ақсу қаласында алимент төлеуден жалтарғандар 13 млн теңге қарыздарын өтеді - Павлодар облысы

Қалалық прокуратураның мәліметінше, ведомство борышкерлерді жұмысқа орналастыру мәселесін қарастыруда. Бұл тығырықтан шығудың бір жолы - бос орын жәрмеңкесін ұйымдастыру. Қарызы бар азаматтардың әрқайсысымен жеке жұмыс жүргізіледі. Нәтижесінде олардың біреуі бір күннің ішінде баласына екі жыл бойы төлемеген миллион теңге қарызын өтеген. Соңғы рет 32 жастағы Алексей Щербаков барған бос орын жәрмеңкесінде шамамен 150 жұмыс орны ұсынылған. - Осымен жарты жылдай жұмыс іздеп жүрдім. Өзімнің алты жасар қызымды қамтамасыз етуден ешқашан бас тартқан емеспін. Дегенмен қаржы мәселесі қолбайлау болды. Бүгінде берешек 400 мың теңгені құрайды. Жәрмеңкеде күзетші жұмысын ұсынды, - дейді Алексей Щербаков.

Ақсу қаласы прокуратурасының деректеріне қарағанда, 23 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның 16-сы бес тәулікке дейін қамауға алынған. Сонымен қатар, ведомство көлік құралын басқару құқығына шектеу қою туралы шешім қабылдаған. Сотқа 50 адамға қатысты ұсыныс жіберіліп, бесеуі ендігі көлік басқару құқығынан айырылды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.