«Ақсу» клубы кей футболшыларға шамадан тыс жалақы төлеп отырған — антикор

футбол
Фото: fcaqsu/Instagram

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Клуб басшылығының бюджет қаражатын заңсыз жаратуына қатысты жемқорлық тәуекелдері анықталды. Команда мүшелерінің кейбірі 2 млн теңгеден көп жалақы алып отырған.

Бұл жайында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Медет Амралинов хабарлады.

— «Ақсу» кәсіпқой футбол клубын қаржыландыру бойынша біздің тарапымыздан сұрақтар бар. Клубтан бірқатар коррупциялық тәуекелдер анықталды. Кезінде ондағы футболшылардың еңбекақысы 2 млн теңгеден аспауы тиістігі көрсетілген арнайы хаттама бекітілген. Бірақ бұған қарамастан осы уақытқа дейін кейбір спортшылар одан көбірек жалақы алып келген. Ұйымда аудит жүргізілді, қазір процессуалдық шешім қабылдау туралы мәселе қарастырылып жатыр, — деді департамент басшысы.

Антикор қызметі бұған қоса Павлодар өңірінің жалпы спорт саласынан бірқатар кемшіліктерді анықтаған.

Атап айтқанда, жалған оқу-жаттығу жиындары өткізіліп, спорттық разрядтар негізсіз түрде берілген.

Ал спорт ұйымдарының 9 қызметкері жалған дипломмен жұмыс істеп келген.

Сондай-ақ, жаңадан қабылданған қызметкерлерге үстемеақылардың негізсіз төленуі, ұлттық құрамаларда шетелдік спортшылардың болуы сияқты фактілер де тіркеліп отыр.

Бұған дейін павлодарлық прокурорлар Ертіс-Баян өңірінде 210 мың гектар жердің заңсыз берілгенін хабарлаған едік. 

Соңғы жаңалықтар