Ақсуда өз-өзін өртеп жіберген ер адамның әйелі көз жұмды
АҚСУ. ҚазАқпарат - Павлодар облысының Ақсу қаласында отбасылық мереке барысында өз-өзін өртеп жіберген ер адамның әйелі көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап pavlodarnews.kz сайтының жазуынша, 1974 жылғы әйел Ақсу қалалық ауруханасында қайтыс болды.
«Науқас қатты күйіктен ес жимастан 4 сәуір күні сағат 13:06-да көз жұмды. Зардап шеккен әйелдің денесінің 60-70 пайызын күйік шалған», - деді баспасөз қызметінде.
Еске салайық, 3 сәуір күні кешқұрым Ақсу қаласының Бауыржан Момышұлы көшесінің бойында жекеменшік үйдің өртеніп жатқаны туралы ақпарат түскен. Оқиғаға куә болғандардың айтуынша, сол күні өзін өртеп жіберген ер адамның жұбайының туған күні болған. Қонақтар дастархан басына жиналғаннан соң, 50 жастағы отағасы үйден шығып кеткен. Кейін, бензині бар бес литрлік канистрды қолына ұстап қайта келген. Балаларды үйден шығаруды өтінген. Әйелі өтінішті орындағаннан соң ер азамат сіріңкені тұтатып, өзін-өзі өртеп жіберген. Ол сол орында ажал құшты. Ауруханаға бес адам термиялық күйік шалып түссе, кәмелетке толмаған тағы бес бала иіс тиіп жеткізілген.
Өрттен үш бөлмелі үйдің ас бөлмесі, жиһазы, тұрмыстық техникасы мен үй заттары толығымен жанып кетті. Шатырдың бір бөлігі құлаған.
Факті бойынша ҚР ҚК-нің 105-бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды.
Павлодар облыстық Полиция департаменттің хабарлауынша, 1968 жылы туған отағасы ПИК-те дәнекерлеуші болып жұмыс істеген. Ол бұған дейін ұсақ бұзақылық жасағаны және отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынаста құқыққа қайшы әрекеттері үшін сотталған.
«Қаза болған ер адам 2019 жылдың 12 ақпанында «Ұсақ бұзақылық» бабы бойынша әкімшілік жауапқа тартылып, оған 12 625 теңге көлемінде айыппұл салынған. Сондай-ақ 2 сәуірде отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынаста құқыққа қайшы әрекеттері үшін жауапқа тартылды. Алайда, Ақсу қалалық соты тараптардың татуласуына байланысты істі тоқтатқан», - деді Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.