Ақсулық бишілер Халықаралық байқауда бас жүлдені жеңіп алды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы қаласында өткен «Қазақстанның розасы» халықаралық байқауынан «Айгөлек» үлгілі би ансамблі бас жүлдені жеңіп алды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Ақсу қаласы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, аталмыш байқау осыдан үш жыл бұрын алғаш рет Қазақстан, Ресей және Болгария елдерінің ұйымдастыруымен бастау алған. Содан бері талай дүлдүлдер мен бұлбұлдардың бағын ашқан дәстүрлі додада бұл жолы 190 бидің ішінен «Айгөлек» үлгілі би ансамблінің өнері жоғары бағаланды.

Олар байқауға төрт би дайындап барған. Жұртшылық назарына қазақтың «Той думан», ұйғырдың «Садьяна», арнайы тапсырма бойынша «Роза жайлы би» және «Қысқы рапсодия» билері ұсынылды.

Бұдан бөлек, «Ұлттық би» номинациясында 15-19 жас аралығында Гүлзат Тастемір «Авришим» биімен бірінші дәрежелі лауреат атағына лайық деп танылды.

- Байқауда біздің билеріміз ұлттық бояу, халықтық нақышымен есте қалды, - дейді би тобының жетекшісі Динара Зембаева. - Репертуарымыз қазылар алқасы мүшелерінің көңілінен шықты. Жеңімпаздарға алдағы уақытта Болгарияның Обзор қаласында өтетін байқауға жолдама мен ақшалай сертификат табысталды. Сонымен қатар, жетекшілер «Жоғары педагогикалық шеберлігі» мен ұжымымыз «Үздік балетмейстер жұмысы үшін» дипломдарға ие болды.

Айта кетерлігі, ұжымдағы ұлдар Алматы қаласындағы А. Селезнев атындағы хореографиялық училишеге оқуға шақыру алды. Бұл балалардың барлығы Ақсу қаласындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған гимназияның шәкірттері.

Соңғы жаңалықтар
telegram