Ақсулық мектеп бір айдың ішінде 2 мыңнан астам асық жинады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақсу қаласына қарасты М.Омаров ауылдық округінің Жамбыл орта мектебінде бір айдың ішінде оқушылар мен ұстаздар 2 050 асық жинаған, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Ақсулық мектеп бір айдың ішінде 2 мыңнан астам асық жинады

Агенттікке Жамбыл мектебінің директоры Бижамал Ақтаева мәлім еткен.

«2050 асық жинайық» акциясы өткізілді, - дейді Бижамал Ақтаева. - Асықты жинауға мектеп оқушылары мен ұстаздары атсалысты. Жиналған асықтар әртүрлі түстерге боялды».

Жалпы, білім ордасы 2012 жылдан бастап Ақсу өңірінде асық ойнайтын тұңғыш мектеп болып қолға алынды. Жыл сайын мектепшілік сайыстар өткізіліп тұрады.

Бижамал Ақтаеваның айтуынша, білім беру мекемесінде қазіргі уақытта арнайы асық ойнайтын кабинет жабдықталуда. Мектептің білікті ұстазы Хаманай Жиенхан асық үйірмесінің жаңғыруына үлесін қосып, білгенін балаларға үйретіп жүр.

Айта кетелік, Жамбыл орта мектебінде 1-11 сыныптар аралығында 222 оқушы білім алады. Қазіргі кезде «Құс ұшыру», «Ат жарысы», «Құмар», «Ханталапай» сияқты асық ойындарының 86 түрі белгілі. Ал, аталмыш мектептің оқушылары ойынның 15 түрін меңгерген.