Ақтау әуежайы Тегераннан келген екінші чартерлік рейсті қабылдады

ұшақ
Фото: Мақсат Шағырбай / Kazinform

АҚТАУ. KAZINFORM –Наурыз мерекесіне орай Ақтауға Тегераннан екінші чартерлік рейспен туристер келді.

Былтыр алғаш рет «Тегеран - Ақтау - Rixos Water World Aktau» бағыты іске қосылған болатын. Тегераннан Ақтауға чартерлік рейстердің екінші легі - туристік бағыттар саласындағы табысты жұмыстың жалғасы болып отыр.

Иранда Наурыз мейрамы 20 наурыздан басталады. Бұл біздің еліміздегі Наурыз мерекесімен сәйкес келеді. Парсы елінде Ұлыстың ұлы күні мерекесінде ұлттық салт-дәстүрлер кеңінен көрсетілетін мәдени іс-шараларды ұйымдастыруымен өтеді.

«Былтыр біздің өңірге Тегеран-Ақтау бағыты бойынша көктемгі мерекені тойлауға бортта 197 жолаушымен 2 чартерлік рейс ұшты. Қонақтар Наурыз мерекесінде қазақ мәдениеті мен дәстүрлерімен танысты. Биыл чартерлік рейстер саны 3 есеге артты. Ал жолаушылардың жалпы саны 870 адамға дейін жетеді деп күтіліп отыр. Бұл туристердің қазақ мәдениетіне деген қызығушылығының артуын және елдер арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастықтың нығайғанын дәлелдейді», - деді «Rixos Water World Aktau» қонақ үйінің өкілдері.

Осы орайда Ақтау әкімдігінің баспасөз қызметі осы бағыт бойынша жазғы маусымда чартерлік рейстерді жалғастыру жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Бұл өңірдегі туристік саланың дамуына өз септігін тигізбек. Сонымен қатар, Маңғыстау облысының Орталық Азиядағы туристік бағыт ретіндегі тартымдылығын айқындайтын болады.

Соңғы жаңалықтар