Ақтау әуежайындағы перронның 90%-ы жаңартылды

АСТАНА. KAZINFORM – Ақтау халықаралық әуежайында аэродром инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта перронды күрделі жөндеу жұмыстарының 90%-ы аяқталған.

ыв
Фото: Азаматтық авиация комитеті

Көлік министрлігінің мәліметінше, жоба 2024 жылы басталған аэродром жабындарын кешенді жаңғырту жұмыстарының жалғасы болып табылады.

Жобаның бірінші кезеңінде ұшу-қону жолағы мен рульдеу жолдары қайта жаңартылып, жұмыстар 2025 жылдың шілде айында толық аяқталған.

Ал биылғы мамыр айынан бастап жобаның екінші кезеңі жүзеге асырылып жатыр. Ол рейстерді тоқтатпай-ақ перрон мен әуежайдың периметрлік инфрақұрылым нысандарын жөндеуді қамтиды.

«Қазіргі уақытта жабынның қалған бөлігін төсеу, периметрлік қоршауды орнату және қосымша жарықтандыру жүйелерін жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Барлық жұмыстарды 2026 жылдың үшінші тоқсанының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр», – делінген хабарламада.

Ведомствоның мәліметінше, жаңғырту жұмыстары ұшу қауіпсіздігін арттырып, әуе кемелерінің тұрақ орындарын кеңейтуге және олардың көтергіштік қабілетін күшейтуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ жоба ауыр жүк ұшақтарына қызмет көрсету мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

Жаңғырту аяқталғаннан кейін Ақтау әуежайы барлық үлгідегі, оның ішінде «F» санатындағы әуе кемелерін қабылдай алады.

Айта кетейік, Павлодар әуежайындағы құрылыс жұмыстары шілде айының ортасында аяқталады.