Ақтау қаласында Қазақстан-Әзірбайжан бизнес форумы өтеді
БАКУ. 12 маусым. ҚазАқпарат - 18-19 маусым күндері Экономикалық даму министрі Шахин Мустафаев бастаған әзірбайжандық делегация жұмыс сапарымен Ақтауға ат басын бұрады.
Онда Қазақстан-Әзірбайжан бизнес форумы өтетін болады. Бұл туралы Әзірбайжанның экспорт пен инвестицияны ынталандыру қорының хабарламасында айтылған.
Бұл қазақстандық және әзірбайжандық кәсіпкерлердің 2013 жылдағы үшінші кездесуі. Олардың екеуі Баку қаласында өтті. Сәуір айында Бакуда Маңғыстау облысының кәсіпкерлері өздерінің инвестициялық мүмкіндіктерімен бөліссе, бұл елге мамыр айында Атырау облысының кәсіпкерлері сапарлады.
2012 жылдың қорытындысы бойынша, Әзірбайжан мен Қазақстан арасындағы сыртқы тауар айналымы 393,425 миллион АҚШ долларын құрады.
Бүгінгі таңда Әзірбайжанда қазақстандық капиталы бар 40 компания жұмыс істеуде.