Ақтау көшелерінде педофил жүргені туралы хабар тарады
АСТАНА.ҚазАқпарат - Ақтау қаласында әлеуметтік желілерде тұрғындарды сақтыққа шақырған хабарламалар тарап жатыр. Онда балаларға азғындық жасау әрекеттерінің орын алғаны айтылады. 4 сәуір, сәрсенбі күні қаладағы мектептердің бірінде ата-аналар жиналысы өтіп, онда полицейлер қылмыскердің түр-тұлғасын шамалап айтып берген. Бұл туралы жиналыстан шыққан ата-аналар хабарлады, деп жазады lada.kz.
Таратылып жатқан аудиохабарламада қаланың жоғарғы аймағында кәмелетке толмаған балаларға қатысты жыныстық әрекеттер жасамақ болған азғын туралы айтылады.
Балалары №7 мектеп-лицейде оқитын ата-аналардың айтуынша, полицейлер 4 сәуір күні өткен жиналыста 26 шағын ауданда жүрген күдікті туралы ақпараттар берген.
Оның сыртқы белгілері: еуропа нәсілді, бойы ұзын, көзі көкшіл, аяғын сылтып басады, алдыңғы тістері жоқ.
«Бізге балаларды далаға жалғыз шығармау туралы кеңес беріп, сақтыққа шақырды. Осыған қатысты бірнеше факті тіркелген екен», - дейді ата-аналар.
Маңғыстау облыстық ІІД бұл мәселеге қатысты әзірге ешқандай пікір білдірмеді.
Фото: pbs.twimg.com