Ақтау, Құрық порттарының терминал алаңы кеңейтіледі
АСТАНА. KAZINFORM –Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитеті төрағасының орынбасары Қасым Тілепов Орталық коммуникациялар қызметінде Ақтау, Құрық порттарының терминал алаңы кеңейтілетінін айтты.
«Шілде айында Құрық портының акваториясын тереңдету жұмыстары басталды. Қазір жалпы жұмыстың 30 пайызы жасалды. Тереңдету жұмыстарын «Jan De Nul» деген ірі бельгиялық компания жүргізіп жатыр. Ол үшін Құрық портының акваториясында 7-санатқа жататын қатты топырақты шығара алатын «Висалиус» деген арнайы кеме тартылды. Келесі 2025 жылы Ақтау портында да осындай жұмыстар жүргізіледі», - деді комитет басшысы.
Комитет берген қосымша мәліметке сүйенсек, Каспийдің табанын тереңдету арқылы терминалдардың сыйымдылығын арттыру көзделіп отыр. Нақтырақ айтсақ, Құрық және Ақтау порттарының пайдалы ауданы 171 гектарға кеңейеді.