Ақтау мен Баку арасында алғаш рет баржамен жүк тасымалдау басталады
АСТАНА. ҚазАқпарат – Осы айда Каспий арқылы Ақтау мен Баку арасында алғаш рет баржамен жүк тасымалдау басталады. Бұл туралы Deniz компаниясының төрағасы Грегори Воджак айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Тұжырымдамамыз модульділікті қамтамасыз ету және баржаны қолдануға негізделген. Бұл осы айдан бастап Каспийде кеме Ақтаудан Бакуге жүк қабылдайды дегенді білдіреді. Баржаларымыз бен буксирлеріміз Каспий теңізімен еш кедергісіз қатынай алады. Неліктен баржаны қолданамыз. Өйткені, кейбір баржа пойыздың екі блогын тиеп ала алады», - деді ол «Kazakhstan Global Investment Roundtable» жаһандық инвестициялар жөніндегі дөңгелек үстел отырысында.
Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта баржаға жүк тиеу жүріп жатыр. Оған бір күннен астам уақыт кетеді.
«Кедендік органдарға қажетті құжаттың барлығы дайын болады. Содан кейін кеме Каспий теңізін кесіп өтеді. Болашаққа да жақсы жоспарымыз бар. Негізінен орта бағдарларды назарда ұстап отырмыз. Операциялық деңгейде Каспий бағдарын Қара теңіз бағдарына алмастыруға болады деп санаймыз», - деді Грегори Воджак.
Фото: logist.today