Ақтау теңіз портының экс-басшысына қатысты іс: прокурор 8 жыл жаза сұрады

АҚТАУ. KAZINFORM — Ақтауда «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» АҚ-ның бұрынғы президенті Абай Түрікпенбаев пен тағы үш айыпталушыға қатысты сот процесі жалғасып жатыр.

председатель правления АО «НК «Актауский морской торговый порт»
Фото: Ақтау портының баспасөз қызметі

Іс қай сатыда

Абай Түрікпенбаев 2025 жылдың мамыр айында ұсталды. Ал 2025 жылдың 25 сәуірінен бастап тергеу изоляторында отыр. Іс бойынша төрт айыпталушыға қатысты 83 том материал жиналған. Қылмыстық іс шамамен жарты жылдан бері қаралып жатыр. Бүгінгі таңда тараптардың жарыссөзі өтті. Жақын арада үкім жарияланады деп күтіліп отыр.

Айыпталушыларға тағылған айыптар

Айыпталушылар — төрт лауазымды тұлға. Оның бірі — Ақтау теңіз портының бұрынғы президенті Абай Түрікпенбаев ҚР Қылмыстық кодексінің 28-бабы 5-бөлігі, 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша (алаяқтыққа көмектесу, яғни бөтен мүлікті алдау және сенімді теріс пайдалану арқылы иелену, алдын ала сөз байласқан топпен, қызметтік жағдайын пайдалана отырып, аса ірі мөлшерде) айыпталып жатыр. Сондай-ақ оған ҚР ҚК-нің 361-бабы 1-бөлігі бойынша айып тағылған (қызметтік өкілеттіктерді қызмет мүддесіне қарсы пайдалану арқылы өзіне немесе басқа адамдарға пайда келтіру және ұйымға елеулі зиян келтіру).
«Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» ҰК» АҚ коммерциялық жұмыстар жөніндегі атқарушы директоры Ахмад Мұстафин ҚР ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша (алаяқтық) айыпталып отыр. Сонымен қатар оған 339-1-бап 3-бөлігі 5-тармағы бойынша айып тағылған (сирек және жойылып бара жатқан жануарлардың бөліктерін заңсыз сатып алу, сақтау және тасымалдау).

Қылмыстық іс бойынша Мақсат Нұркен және Бахытбек Бақтыбаев да айыпталып жатыр. Оларға 28-бап 5-бөлігі (қылмысқа көмектесу) және 361-бап 1-бөлігі (қызметтік өкілеттіктерді теріс пайдалану) бойынша айып тағылған.

Мемлекеттік айыптаушының ұстанымы

Прокурор сот жарыссөзінде айыпталушылардың кінәсі тергеу және сот барысында жиналған дәлелдердің жиынтығымен дәлелденгенін мәлімдеді. Оған куәлар мен жәбірленушілердің жауаптары, айыпталушылардың жауаптары, тексеру актілері, шамамен 2 млрд 202 млн теңге көлеміндегі алынбаған табысты көрсететін қаржылық бұзушылықтар, сот-экономикалық сараптама қорытындылары дәлел. Мемлекеттік айыптаушы кейбір міндетті қызметтер есептеуден негізсіз алынып, соның салдарынан ірі көлемде табыс түспей қалғанын алға тартты.

Прокурор Абай Түрікпенбаевқа 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын, өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салуды және мүлкін тәркілеу жазасын сұрады. Дәл осындай жаза Ахмад Мұстафин үшін де сұралды. Ал қалған екі айыпталушыға — 1 жыл бас бостандығынан айыру жазасы сұралды. Сонымен қатар, мемлекеттік айыптаушы айыпталушылардан порттың пайдасына 1,8 млн теңге көлеміндегі залалды өндіруді сұрады. Сондай-ақ, теңіз портының пайдасына Түрікпенбаев пен Мұстафиннен 2,2 млрд теңгені ортақ (солидарлық) тәртіппен өндіруді қанағаттандыруды өтінді.

Қорғау тарапының пікірі

Қорғау тарапы сотта айыпталушылардың кінәсі дәлелденбегенін мәлімдеді. Адвокат Радик Өмірболаттың айтуынша, қылмыстың нақты жасалғанын және әрбір айыпталушының оған қатысын дәлелдейтін жеткілікті айғақтар ұсынылмаған.

Сондай-ақ, ол қасақаналық, ниет және қылмыс жасау тәсілі бойынша да нақты дәлелдер жоқ екенін алға тартты. Қорғау тарапы кейбір сараптамалық және техникалық материалдар айыптау нұсқасын толық растамайтынын, ал бірқатар дәлелдің заңдылығына күмән бар екенін атап өтті.

Адвокаттың айтуынша, 2 млрд теңгеден асатын бұл сома — ұрлық емес, тек болжамды жіберіп алынған пайда. Оның пікірінше, мұндай жағдай алаяқтық ретінде саралануы мүмкін емес.

— Алаяқтық — бұл бөтен мүлікті ұрлау немесе оған құқықты заңсыз иемдену. Алаяқтықтың болуы үшін мүлік нақты түрде алынуы немесе басқа адамдардың иелігіне өтіп, олардың оны иеленуге, пайдалануға және билік етуге нақты мүмкіндігі болуы керек. Алайда айыптау тарапы мұнда дербес әрі нормативтік жүйеде міндетті деп танылған қызмет үшін төлемді негізге алып отыр. Бірақ ол қызметтің жеке әрі міндетті екені дәлелденбеген. Егер нақты міндетті қызмет те, сол төлемді есептеу тетігі де болмаса, онда міндетті тарифтің есептелмегені туралы айтуға негіз жоқ, — дейді адвокат.

Айта кетейік, Абай Түрікпенбаев Ақтау халықаралық теңіз-сауда портын 2017 жылдан бері басқарды.

Бұған дейін, Ақтау теңіз-сауда порты басшысына қатысты іс сотта қарала бастағанын жазған болатынбыз.