Ақтау түбіндегі ұшақ апатының себептері қашан нақты айтылады

АСТАНА. KAZINFORM — Көлік вице-министрі Талғат Ластаев Kazinform агенттігінің BIZDIÑ ORTA подкастында осы сұраққа жауап берді.

Талгат Ластаев
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

— Жалпы стандарт бойынша 30 күннің ішінде тергеудің алдын ала немесе аралық қорытындысы жариялануы керек. Яғни, ұшақтың жермен түйіскен кездегі іздер, қирандылар жиналады. Біз Ақтау әуежайында ангар аштық. Ондағылар бас алмай жұмыс істеп жатыр, — дейді вице-министр.

Ал Мәжіліс депутаты Константин Авершин мұндай нәзік мәселені барынша байыпты пайымдау керектігін айтады.

— Мәжілістегі қорғаныс және қауіпсіздік мәселесіне жауапты комитеттің мүшесі ретінде қазір әлемде турбулентті жағдай қалыптасып отырғанын айтар едім. Шартты түрде айтсақ, әлемнің әр түкпірінде қайғылы оқиғалар жиілеп кетті. Қазақстанды бөтен кикілжіңдерге киліктіру үшін аз ақша жұмсалып жатқан жоқ. Ондай мақсатқа түрлі ақпараттық сылтау қолданылуы мүмкін. Сондықтан Қазақстан азаматтарын тек ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге үндеймін, — деді депутат.

Еске салсақ, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Azerbaijan Airlines ұшағы апатқа ұшырады.

Ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде бес экипаж мүшесі болған. Оқиға салдарынан 38 жолаушы қаза тапты. Өкінішке қарай, мерт болған жандардың арасында 6 Қазақстан азаматы болған.

Апаттан кейін кеше Қазақстан борттағы өздігінен жазғыш құралдарды Бразилияға жібергенін жаздық.

Осыған дейін «қара жәшіктің» Бразилияға неліктен жіберілетіндігі туралы сарапшылардың пікірін берген едік.

Сондай-ақ, «қара жәшікті» оқуға неше күн кететіні туралы авиация инженерінің жауабын жарияладық.

Соңғы жаңалықтар