Ақтау түркі әлемінің мәдени астанасы болады

түрксой
Фото: Ақтау қаласы әкімдігі

2025 жылы Ақтау түркі әлемінің мәдени астанасы болады. Бұл туралы Қазақстанның халықаралық ТҮРКІСОЙ ұйымындағы өкілі Бақытжан Омаров мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.

Маңызды шешім Әзербайжанның Шуша қаласында өткен аталған ұйымға мүше мемлекеттердің мәдениет министрлері бас қосқан жиында қабылданды.

«Осы жиында Қазақстаннан бөлек, Қырғызстан және Өзбекстан, Солтүстік Кипр, Түркия өздерін ұсынды. Бірақ көпшілік дауыспен Қазақстанның Ақтау қаласы жеңіп шықты. Түркі әлемінің театр фестивалі, суретшілер басқосуы, яғни түркі әлеміне қатысты мәдени шаралардың бәрі Ақтау қаласында өтеді. Мәдени астананың ашылуы мен жабылу салтанатына үлкен концерт ұйымдастырылады. 2024 жылдың басында өтетін ТҮРКІСОЙ ұйымының 41-отырысында Ақтау қаласының әкімшілігі жиынға келіп, өзінің таныстырылымын жасауы тиіс», –деді Бақытжан Омаров «Маңғыстау» телеарнасына берген сұхбатында.

Каспий жағалауына жиналып, түрлі іс-шаралар өткізу өңірдің туристік әлеуетін арттырмақ. Бұған дейін еліміздегі түркі әлемінің мәдени астаналары Астана мен Түркістан болған.

Соңғы жаңалықтар