Ақтауда 10-қабаттағы терезеден сыртқа шығып ойнаған балалардың ата-анасы жазаланды

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Кеше Ақтаудағы «Атакент» тұрғын үй кешенінің 10-қабатында терезеден шығып, ернеуінде жүрген балалардың ата-анасы анықталып, жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтауда 10-қабаттағы терезеден сыртқа шығып ойнаған балалардың ата-анасы жазаланды

Бұл туралы Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті.

«Ювеналды полиция дереу пәтерге барды. Осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында кәмелетке толмағандармен, сондай-ақ ата-аналармен профилактикалық әңгіме жүргізді. Ата-аналар Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 127-бабының 1-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылды» делінген мәлімдемеде.

Маңғыстау облысының полиция департаменті қала тұрғындарына балаларды қараусыз қалдырмауын, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуі керектігін ескертіп отыр.

Еске сала кетейік, кеше 10-қабаттағы пәтер терезелерінен кіріп-шығып ойнап жүрген 3 қыз бала көшедегі адамдардың көзіне түскенін жазған едік.


Видеодан алынған кадр