Ақтауда 13 жасар қызды зорлаған педофил 22 жылға сотталды

қыз бала
Фото: Pexels

АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жасөспірімді зорлау және оған қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекетін жасады деп айыпталған азаматтың ісі қаралды.

Сот мәліметіне сүйенсек, сотталушы 2023 жылдың тамыз айынан қараша айы аралығында жасөспірімнің дәрменсіз жағдайын пайдаланып, оны бірнеше рет зорлап жыныстық қатынасқа түсіп, оған қатысты сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасап келген. 

Сотталушының кінәсі куәгерлердің берген жауабымен, заттай дәлелдермен, сарапшылардың қорытындысымен және тергеу хаттамаларымен толық дәлелденген.

Шешім шығарушы орган сотталушыны ҚК 120-бабының 4-бөлігі, 121-бабының 4-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп таныды.

Сот оны педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеумен байланысты лауазым атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, тағайындалған жазаларды ішінара қосу жолымен түпкілікті 22 жыл мерзімге бас бостандығынан айырды. 

Үкім заңды күшіне енген жоқ. 

Соңғы жаңалықтар