Ақтауда 2 адам суға батып кетті
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтау қаласында бүгін екі азамат суға батып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар бойынша жедел құтқару жасағына сілтеме жасап.
Оқиға бүгін сағат 11-00-дер шамасында 4А шағын ауданы жағалауында болған. 3 демалушы суға батып кеткенімен, құтқарушылар тек қызды ғана аман алып қалды. Ал қайтыс болған ер адамның біреуінің денесін көп ұзамай құтқарушылар мен Маңғыстау облыстық ІІД жергілікті полиция қызметінің өкілдері алып шыққан.
«Жағада 3 демалушы отырды. Қатты соққан желден толқын көтеріліп, оларды жауып кетті. Бір-бірін құтқарғысы келгенімен, олардың әрекетінен нәтиже шықпады. Сөйтіп өкінішке қарай, демалушылар өздігінен жағаға шыға алмай қалды», - делінген жедел-құтқару отряды таратқан мәліметтерде.
Құтқарушылар батып кеткен екінші жігіттің денесін іздестіруде. Ол 1985 жылы туған, 4 шағын ауданның тұрғыны. Мүрдесі табылған азамат 1981 жылы туған. Құтқару отрядының хабарлауынша, ауа райы қолайсыздығынан сүңгуірлер тереңге жіберілмей отыр.
«Құтқарушылардың қатарынан алдымен жергілікті полиция қызметкерлері көрінді, жағаға қызды солар алып шықты. Көз алдымызда екі жігіт батып бара жатты. Бірақ дауыл құтқарушыларға кедергі келтіріп, құтқарушы қайықты жел ысырып әкетті», - дейді оқиғаны көрген куәгерлер.
Айгүл Дәден