Ақтауда 2076 жылы ашылуы тиіс аманат хат ескерткіш тастың ішіне салынды
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Ақтауда университет аумағындағы ескерткіш тастың ішіне 2076 жылы ашылуы тиіс аманат хат салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ескерткіш тас Ш. Есенов атындағы жоғары оқу орынның болашақ инженерлер мен технологтерге, IT мамандарына ғылыми техниканың түрлі салаларынан білім беретін, техникалық ойлауды дамытатын Yessonov Technopark кешені аумағында орналасқан. Уақыт капсуласын облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен университет президенті Берік Ахметов салды. Шараға еліміздің 40-тан астам жоғары оқу орнының басшылары қатысты. Капсула ішіндегі болашаққа жазылған аманат хат 2076 жылы – Есенов университетінің 100 жылдық мерейтойында ашылады деп жоспарланған.

Айта кетсек, Мемлекет басшысының инновациялық экожүйе құру туралы идеясы аясында ашылған кешендегі зертханалар студенттер мен өнертапқыш қала тұрғындары үшін әрдайым ашық болады. Технопарк MVP (Minimum Viable Product) ағаштан, металдан прототип жасауға мүмкіндік беретін орынға айналмақ.
Сондай-ақ, студенттік саябақ аумағында алғашқы көшеттер отырғызылды. Саябақтың жер телімі – 3,12 га. Көгалдандыр мен абаттандыру алаңы – 13176,69 шаршы метр.
«Менің студенттік жылдарым Қазақ ұлттық университетінің қалашығында өтті. Кейін оқуымды жалғастырып, біліктілікті арттыру мақсатымен және жұмыс бабымен Окфорд, Кембридж, Гарвард, т.б. университеттердің кампустарын көргенде, «Шіркін, осындай қала ішіндегі қалашықтар біздің еліміздің әр университетінде болса ғой» деп қиялдайтынмын. Студенттеріміз аунап-қунап, отыра қалып кітап оқып, жата қалып жазуын жазатын жағдай жасасақ дейміз.
«Казгуградты» салған академик Өмірбек Жолдасбековтің іскерлік жолын үлгі қыламын. Өзіме дейінгі алдыңғы буын аға әріптестерімнің игі бастамасын дамыта жалғастырғым келеді.
Біздің көп мақсатымыздың бірі – университет аумағында тек жазда ғана емес, үнемі табиғат аясында демалуға және серуендеуге арнап абаттандырылған саябақ салу.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Елімізде 2025 жылға дейін екі миллиард ағаш отырғызуды көздейтін ауқымды жоба басталды. Былтыр 282 миллион түп ағаш отырғызылды. Биыл тағы 410 миллион ағаш отырғызу жоспарланып отыр», - деген болатын. Осы бастамаға біз де үлес қосып, бүгін елдің игі жақсыларымен бірге болашақ саябағымыздың алғашқы талдарын отырғыздық.
Жылдар өтер, ұрпақ алмасар. Ал келешекке бізден сауапты ісіміз бен ізіміз қалса дейміз.
Жерінің тас қабаты қалың, су тапшылығы ең жоғары өлке Маңғыстауда тал егу – басқа аймақтарда бақ өсіруден кем емес шаруа, ал бұл жақта саябақ салу – өзге өңірлерде орман өсіруден кем емес», - дейді университет президенті Берік Ахметов.


