Ақтауда 67 жастағы тұрғынның жүрегіне ерекше әдіспен ота жасалды
Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасында жүрекке операцияның ерекше түрі жасалды. Енді кардиохирург-дәрігерлер жүрекке ота жасау үшін төсті терең тілмей-ақ, қабырға аралық шағын кесінді арқылы аорта-коронарлы шунттау операциясын жасайды, деп хабарлайды Kazinform.
Кардиохирург-дәрігер Әбунасыр Сухановтың айтуынша, бұған дейін аорта-коронарлы шунттау операциясы классикалық жолмен жасалды. Яғни, ота кезінде науқастың төсін арамен 25 см дейін кесетін еді. Ал қазір оңтайлы әдіс арқылы науқасқа қауіпсіз әрі жеңіл түрде өтетін операцияны енгізген.
«67 жастағы ақтаулық тұрғынға қабырға арасынан 5-7 см кесінді арқылы аорта-коронарлы шунттау операциясы жасалды. Үш шунт жасадық, қазіргі таңда науқастың жағдайы жақсы. Еркін қозғалып, қолын ауырсынусыз көтере алады. Егер біз төсін кесу арқылы ота жасайтын болсақ, онда науқас 6 ай бойы арқасымен жататын еді. Ал қазір науқас отадан кейінгі үшінші күні өздігінен жүреді», - деді кардиохирург-дәрігер Әбунасыр Суханов.
Сонымен қатар аталған отаның тиімділігі – төстің ашылу қаупі болмайды, оңалту кезеңі тез жүреді, тілік көлемі аз болғандықтан науқас көп қан жоғалтпайды.
«2022 жылы жүрегім ауырып, ота жасалып, төрт рет стенд қойдырған едім. Бір-екі жылдан соң қайта жүрегім ауыра бастады. Облыстық ауруханада жүрегіме ота жасатуға шешім қабылдадым. Қазір жағдайым жақсы, ешқандай ауырсыру жоқ. Аурухана дәрігерлері мен медбикелері де жақсы қарап жатыр. Аурухана басшылығына және Әбунасыр Жетпісұлына алғысым шексіз», - деді науқас.