Ақтауда 7300-ге жуық бала бірінші сыныпқа барды

Қазіргі таңда Ақтау қаласы бойынша 177 білім ошағы өз жұмысын бастады. Оның ішінде 53 мектеп, 122 балабақша, 2 қосымша білім беру ұйымы бар.
«Биыл Ақтау қаласы бойынша жаңа оқу жылында балабақшаларда 17 мыңнан астам бүлдіршін және мектепте 63 мыңға жуық оқушы білім алады деп жоспарланған. Жалпы «Жайлы мектеп» жаңа ұлттық жобасы аясында Ақтау қаласы бойынша 10 600 орындық 8 мектеп салу жоспарланып отыр. Оның 6-ның құрылысы биыл басталады»- деді Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Нұртас Сали.
Жаңа оқу жылында Ақтау қаласында 6 жекеменшік мектеп пайдалануға берілді. Атап айтқанда, 17 ш/а «Таным», 35 ш/а «Жайсаң бала-2» және «Sana», 19А ш/а «Advanta», Толқын-1 аудандында «Meta» және «Жас қанат» мектебі. Алты жекеменшік мектепте 2724 оқушы білім алады деп жоспарланған.
«Жыл басынан бері жекеменшік мектептерден бөлек, Ақтауда 15 жекеменшік балабақша ашылды. Оның екеуі сенімгерлікпен басқаруға берілген. Атап айтқанда, 7-шағын аудандағы 300 орынды «Вala land» және 26-шағын аудандағы 280 орынды «Еркемай» балабақшасы», - деді Ақтау қалалық білім бөлімінің басшысы Бағдат Тұрғанбаева.