Ақтауда әкімдік берген үйдің қабырғасына саңырауқұлақ өсіп шықты

АҚТАУ. KAZINFORM — Ақтауда қалалық әкімдік берген үйдің қабырғасына ылғалдан саңырауқұлақ шыға бастады. Бұл туралы әлеуметтік желіде тұрғындардың бірі мәлімдеді.

үй
Фото: видеодан алынған кадр

Көпқабатты үйдің қазіргі ахуалы тұрғындарды әбігерге салып отыр.

Себебі, мұндағы пәтерлердің қабырғасы ылғалдан көгеріп кеткен.

«33-шағынаудандандағы 30-үйден баспана алған едік. Пәтердің қабырғасына саңырауқұлақ шыға бастады. Өткен жазда жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Үйде кішкентай баламыз бар. Қабырға ылғал тартқан соң арнайы құрылғы қосып, кептіруге мәжбүрміз. Жалғызбасты ана ретінде әкімдік берген пәтер еді. Алайда үйдің кіреберісінің қабырғасы да осындай жағдайға душар болды. Жуынатын бөлменің төбесінде шағын жарықшақ бар», — дейді тұрғын.

Аталған жағдай бойынша Ақтау қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімі тиісті сараптама басталғанын мәлімдеді.

«Тұрғын үй инспекциясы өз тарапынан үйдің жағдайын білу үшін техникалық сараптамаға конкурс жариялады. Конкурс нәтижесі шыққан соң тұрғын үй инспекциясы оны тұрғындарға барып түсіндіреді. Егер жөндеу қажет болса, тұрғын үй инспекциясы тұрғындарға „Қайтарымды қаражат“ модернизациялау бағдарламасын пайдалануды ұсынады», — деді тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мамандары.

Ал ақпан айынан бастап қаладағы 33-ші шағын аудандағы 30-32 үйлер жаңа ПИК-ке беріліп, төрағасы мәселені реттеу жалғасып жатқанын жеткізді.

«1 ақпаннан бастап бұл үйге қызмет көрсету жұмысын алдық. Қыс бойы жылу болмағандықтан қабырғаларда ылғал пайда болған. Тұрғынүйлерге жылу беру жұмысы енді ғана аяқталды. Пәтер ішіне жөндеу жүргізе алмаймыз. Арыз берген тұрғындардың пәтеріне жылу жеткізу бойынша тиісті жұмыс атқарылды. Жалпы, бұл үйлердің жағдайы өте нашар. Жертөленің бәрі ылғал тартып кеткен. Ақтау қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімі өтінім берген соң қызмет көрсетуге келіп отырмыз. Сол маңдағы 30, 31 және 32 үйдің бірнеше кіреберісіне жөндеу жасадық», — дейді ПИК төрағасы Валет Құлмұхамбетов.

 

Соңғы жаңалықтар