Ақтауда ақпараттық-коммуникациялық өнімдерді әзірлеумен айналысатын IT-хаб ашылады

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтауда IT-хаб ашылады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингіде облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Айдын Хадиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтауда ақпараттық-коммуникациялық өнімдерді әзірлеумен айналысатын IT-хаб ашылады

IT - хаб құру облыстағы цифрландыру деңгейін арттырып, ақпараттық-коммуникациялық өнімдерді әзірлеуге көмектеседі.

«IT мамандарын оқытып, жаңа жобалар мен стартаптарды жүзеге асыру үшін гранттарды бөліп, жаңа жұмыс орындарын құру көзделіп отыр. Түпкі нәтиже – нарыққа сапалы ІТ мамандарды дайындап өңіріміздегі цифрландыруды жоғары деңгейге жеткізу. Бұл саланың дамуы Маңғыстаудың стартаперлеріне инвестицияларды тартуға, өнімдерін халықаралық деңгейге шығаруға пайдалы болмақ», - деді Айдын Хадиев.

Сондай-ақ, брифинг барысында спикер цифрландыру саласында атқарылған жұмыстар туралы айтып өтті.

2020-2022 жылдар аралығында «250+» бағдарламасына енгізілген 18 ауылдық елді мекенде талшықты-оптикалық байланыс желілері (ТОБЖ) технологиясы бойынша интернет және 4G мобильді интернет толық іске қосылған. Нәтижесінде Тәжен, Құланды, Сенек, Оңды, Жыңғылды, Тұщықұдық, Шайыр, Шебір, Ақшымырау, Қызан, Батыр ауылы кең жолақты интернетке қосылған. Бүгінде Ақтау мен Жаңаөзен қаласын есептемегенде, облыста ұялы байланыс операторларының 174 базалық станциялары қызмет атқарады.