Ақтауда алғаш рет мектеп командалары арасында шахматтан әлем чемпионаты өтеді
АҚТАУ. ҚазАқпарат - 3-8 тамыз аралығында Ақтау қаласында Каспий теңізінің жағасында әлемде тұңғыш рет World Schools Team Championship өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Чемпионатқа шахмат үйірмелері мен секцияларының тәрбиеленушілері емес, шахматты жақсы көретін қарапайым әуесқой мектеп оқушылары қатысады.
Чемпионат 12 жасқа дейінгі және 18 жасқа дейінгі екі категория бойынша өтеді.
50 елден 300-ге жуық қатысушы келеді деп жоспарланып отыр. Перу, Мадагаскар, Сан-Томе және Принсипиден қатысушылар келеді.
Чемпионатта Қазақстанның намысын 6 қаладан 10 мектеп қорғайды. Олар:
- IT мектеп-лицейі, Ақтау қаласы;
- Н.Марабаев атындағы №7 мектеп-лицейі, Ақтау қаласы;
- М.Ганди атындағы №92 мамандандырылған лицейі, Алматы қаласы;
- Республикалық физика-математика мектебі, Алматы қаласы;
- Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі;
- №72 мектеп-лицейі, Астана қаласы;
- Республикалық физика-математика мектебі, Астана қаласы;
- Атырау облыстық «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернаты;
- Дарынды балаларға арналған № 8 лицей-мектебі, Павлодар қаласы;
- О.Жолдасбеков атындағы №9 IT лицейі, Шымкент қаласы.
Командалардың тиімді дайындығы үшін Қазақстан шахмат федерациясы чемпионат қарсаңында Бурабайда оқу-жаттығу жиынын ұйымдастырады.
Сондай-ақ турнирдің негізгі ресми бөлімінен басқа, қонақтар үшін экскурсиялық және ойын-сауық бағдарламасы дайындалды.