Ақтауда әскери теңізшілерге тұңғыш рет модульді казарма салынды

Ақтау
Фото: Индира Сатенбай/Kazinform

Ақтауда еліміздің әскери-теңіз күштеріне арналған жаңа казарма қолданысқа берілді, деп хабарлайды Kazinform.

Казарманың аумағы – 100 шаршы метр, сыйымдылығы – 250 адам. Әскери нысанды қазақстандық компания үш айда тұрғызған. Қазір казармаға биыл күзде Орал, Павлодар, Өскемен, Тараздан әскерге шақыртылған 100 матрос орналасты. 

– Екінші курста академиялық демалыс алып, Отан алдындағы борышымды өтеу үшін келдім. Теңізді көру үшін Ақтау қаласын әдейі таңдадым. Бағыма орай, осы жаңа казармаға түсіп жатырмын. Казарманың жағдайы жақсы, іші жылы, – деді матрос Даниял Мұрат. 

Ғимарат әскери теңіз базасында орналасқан. Матростар жаңа казармада алғашқы даярлық курсынан өтіп жатыр. Кейін олар әртекті кемелер дивизионы, десанттық-шабуыл батальоны және коменданттық ротаға бөлінеді. 

Казарма
Фото: Индира Сатенбай/Kazinform

– Мұның бәрі жас сарбаздарымызға жасалып жатқан жағдай. Қазір күзгі шақырылымда келген сарбаздар дайындық жасауда. Бәрі де елін, жерін сүйетін азаматтар. Бүгінгі таңда мемелкеттік құқықтық дайындықтан өтіп жатыр, келесі апта автоматтан ату болады, – деді ҚР ҚК Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары Жұмабек Хасенов.

Модульді казарма арнайы байланыс және инженерлік желілерімен жабдықталған, оны қосалқы ғимарат жалғау арқылы үлкейтуге болады.

– Әскери теңіз күштеріне бірінші рет модульді казарма берілді. Бұл казарма қысқа мерзімде салынды. Құрылысы маусым айында басталып, қыркүйекте аяқталды. Қазір бір ай бойы жас сарбаздар курстан өтеді. 25 қарашада салтанатты ант қабылдау шарасы өтеді. Одан кейін олар нағыз теңізшілер қатарына кіреді, – деді №29011 әскери бөлімнің рота командирі Алмат Нұртаев. 

Каспий жағалауында әскери сүңгуірлерді дайындайтын оқу-жаттығу кешені жанынан қалашық салынып жатыр. Ол жерде 6-7 модульді казарма болады. Ал нысан келер жылы қолданысқа берілмек. 

Соңғы жаңалықтар