Ақтауда ауадағы көміртегі оксиді шамадан асып кеткен
Ақтаулықтар бүгін таңертең ауадағы күйік иісіне шағымданды. Экология департаментінің зертханалық-талдамалы бақылау бөлімінің мамандары дереу Ақтау қаласындағы атмосфералық ауадан сынама алып, нәтижесін айтты, деп хабарлайды Kazinform.
Сынама нәтижесі бойынша ауада көміртегі оксидінің концентрациясы шамадан асып кеткені анықталған.
Ал төтенше жағдайлар департаменті Маңғыстау облысының аумағында ешқандай өрт оқиғасының орын алмағанын айтып отыр.
- БАҚ-қа мониторинг жүргізу кезінде Ресей Федерациясы Астрахан облысының аумағы, Каспий теңізі бөлігінде бірнеше тәулік бойы қамыс өртенгені анықталды. Бұл фактіні онлайн карталардағы өрттердің аэроғарыштық мониторингінің нәтижелері растайды. Маңғыстау облысының «Қазгидромет» РМК мәліметі бойынша 14 қараша күні сағат 22:00-ден бүгінге дейін желдің бағыты солтүстік-батыстан соғады, орташа жылдамдығы - 5 м/с, екпіні 11 м/с жетеді. Бұл – күйіктің иісі Астрахан облысындағы өрттің салдары екеніне дәлел бола алады, - делінген Маңғыстау облыстық экология департаментінің хабарламасында.