Ақтауда автобус жүргізушісіне шабуыл жасалды - оқиғаның бейнежазбасы тарады

АҚТАУ. KAZINFORM – Оқиға 7-шілде күні №2-қоғамдық көлікте болған. Кондуктор автобус жүргізушісіне бара жатқан жолаушыны ұстауға тырысқанымен, ол оған күш бермей жүргізушінің бетінен ұрған. Қоғамдық көліктің жүргізушісі еш себепсіз таяқ жеп, медициналық көмекке жүгінді.

Шабуыл
Фото: Видеодан алынған кадр

Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, осы оқиғаға қатысты «Бұзақылық» фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Тергеу жүргізілуде. Күдіктіні ұстауға бағытталған жедел-іздестіру іс-шараларының кешені қабылданды. Тергеу мүддесі үшін өзге де мәліметтер жария етілмейді.

Айта кетейік, былтыр Алматыда №47-ші бағыттағы қоғамдық көліктің ішінде жолаушы жанжал шығарып, жүргізуші әйелді ұрған еді. Салдарынан әйел есінен танып, көлікті басқара алмай, аялдамада тұрған бір топ адамды қаққан болатын.

Аталған оқиғадан 7 адам зардап шегіп, 3 адам қайтыс болды.