Ақтауда әйелді бір жыл бойы аңдыған ер адамға сот үкімі шықты
АҚТАУ. KAZINFORM — Ақтау қалалық соты заңсыз қудалау әрекеттерін жасаған азаматқа қатысты үкім шығарды. Сотталушы бірнеше ай бойы жәбірленушінің еркіне қарсы байланыс орнатуға тырысып, оның тыныштығын бұзған.
Іс материалдарына сәйкес, сотталушы 2025 жылғы ақпаннан 2026 жылғы ақпанға дейін жәбірленушіні жүйелі түрде аңдып, түрлі жолдармен мазалаған. Ол жәбірленушінің жүрген жеріне барып, үйіне дейін еріп жүрген. Сонымен қатар әртүрлі абоненттік нөмірлер мен WhatsApp мессенджері арқылы хабарламалар жазып, бірнеше мәрте қоңырау шалған.
Сот мәліметінше, мұндай әрекеттер жәбірленушінің психологиялық жай-күйіне әсер етіп, қорқыныш пен мазасыздық туғызған. Сондай-ақ, оның конституциялық құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтірілген.
Мемлекеттік айыптаушы сотталушыны кінәлі деп танып, 100 сағат қоғамдық жұмысқа тартуды сұрады.
Сот барысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, жәбірленушіден кешірім сұраған. Ол мұндай әрекетті енді қайталамайтынын айтып, жеңіл жаза тағайындауды өтінді.
Сот кінәні толық мойындау мен шынайы өкінуді жеңілдететін мән-жай ретінде бағалаған. Нәтижесінде, сот үкімімен ол ҚР Қылмыстық Кодекстің 115-1-бабы қудалау (сталкинг) бойынша кінәлі деп танылып, оған 100 сағат қоғамдық жұмыс жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енді.
Бұған дейін Астана тұрғыны сталкинг үшін 80 сағат қоғамдық жұмысқа жегілгенін жаздық.