Ақтауда баланың қайтыс болуына қатысты сот-медициналық сараптама жүріп жатыр – министр

АСТАНА. KAZINFORM – Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Ақтауда 6 жасар қыз баланың қайтыс болуына қатысты сот-медициналық сараптама жүріп жатқанын айтты.

Ақмарал Алназарова
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

- Баласынан айырылып қалған отбасыға Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан көңіл айтамын. Шын мәнінде, өте қиын жағдай. Бұл балаға қатысты екі рет жедел жәрдем қызметі шақырылған. Қазір осы оқиға бойынша нақты қорытынды жасауға ерте, себебі сот-медициналық сараптаманың нәтижесі шыққан жоқ. Сараптама қорытындысы аясында қосымша ақпарат береміз, - деді А. Әлназарова Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, шақыртуға келген жедел жәрдем бригадасының әрекетіне қатысты тиісті комиссия құрылды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Ақтау қаласының тұрғыны Ислам Шыңғысовтың айтуынша, оның 6 жасар қызы жедел жәрдем қызметкерлерінің біліксіздігінен қаза тапқан

Қайғылы оқиға 15-желтоқсан күні болған. Бүлдіршіннің дене қызуы кенеттен көтеріліп, ата-анасы жедел жәрдем шақырған. Бірақ дәрігерлер баланы ауруханаға жатқызудан бас тартып, жақсы болатынын айтып, кетіп қалған. Қыз баланың дене қызуы қайта көтеріліп, жағдайы нашарлағанда әкесі қайта жедел жәрдем шақырғанын айтады. Алайда, дәл сол бригада келіп, ауруханаға жатқызу мәселесін талқылап жүргенде бала қайтыс болған.