Ақтауда банктің 10 миллион теңгесін ұрлаған инкассатор өзін атып өлтірді

АҚТАУ. KAZINFORM – 42 жастағы инкассатордың 10 миллион теңге ұрлап, банктің жертөлесіне жасырынғаны, артынша табельдік қарудан басынан атқаны туралы ақпарат әлеуметтік желіде тарады.  

Ақтауда банктің 10 миллион теңгесін ұрлаған инкассатор өзін атып өлтірді
Фото: Видеодан алынған кадр

Хабарламадағы мәліметке сүйенсек, оқиға 14-шағын ауданда орналасқан «Халық банк» ғимаратында болған. Жертөлеге кіре-беріс жерді құзырлы орган қызметкерлері қоршап тастаған. Оқиғаны Маңғыстау облыстық полиция департаменті растады. 

– Ұрлық және өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу деректері бойынша Ақтау қаласы полиция басқармасымен қылмыстық іс тіркелді. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу мүддесі үшін өзге мәліметтер жария етілмейді, - дейді Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әйгерім Ибаттуллаева. 

Осы оқиғаға қатысты «Halyk Инкассация» серіктестігі пікір білдірді. 

– Қазіргі уақытта қайғылы оқиға болған «Halyk Инкассацияда» жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты компания тергеу аяқталғанға дейін істің мән-жайына қатысты пікір білдіру мен жария етуден бас тартады. «Halyk Инкассация» серіктестігі мен «Halyk Bank» марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтады, - делінген хабарламада.

Соңғы жаңалықтар