Ақтауда биыл 11 шақырымнан астам инженерлік желі жаңарады
АҚТАУ. KAZINFORM – Жылу мен су құбырларын модернизациялау жобасы 3 жылға есептелген. Нәтижесінде магистральдық инженерлік желілердің 22 шақырымы ауыстырылады. Биыл соның 11 шақырым 300 метрі жаңартылмақ.
- Қазіргі таңда жаңартылатын 11,3 шақырым бөліктің 7 шақырымына жаңа құбыр салынды. Қалған 4 шақырым бөлікте (диаметрі 500 мм болатын құбырлардың 900 метрі, диаметрі 720 мм болатын құбырлардың 1,5 мың метрі шақырым) жаңа құбырлардың келуі күтілуде. Қазіргі таңда келген жаңа құбырларды монтаждау жұмыстары жүргізілуде, - дейді мердігер компанияның директоры Сәкен Бердібаев.

Ақтауда магистральдық инженерлік желілерді модернизациялау жұмыстары алғаш рет жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын жылыту маусымына дейін аяқтау маңызды. Сондықтан қала әкімі жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.
- Жылыту маусымына дайын болу үшін жұмыстарды жеделдету керек. Себебі жаңа құбырларды монтаждау жұмыстары аяқталғаннан кейін, жауапты мекемелер гидравликалық сынақ өткізуі қажет. Егер құрылыс-монтаждау жұмыстары 30 қыркүйекте аяқталса, гидравликалық сынақ жүргізу жұмыстары белгілі бір уақыт алады. Жылудан бөлек, тұрғындарға ыстық су беру мәселесі бар. Бригадалардың жұмысын қадағалау қажет, - дейді Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы өкілдерінің айтуынша, магистральдық инженерлік желілерді жаңарту жұмыстары басқарма мен техникалық қадағалау мамандарының бақылауында.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтау халықаралық әуежайында күрделі жөндеу жұмыстары басталғаны туралы жазған болатынбыз.