Ақтауда блогерлер мен жарнамаға сеніп ақша салған үлескерлер пәтерін ала алмай жүр

Ақтауда «Сұлтан», «Ақ қала», «Мұрагер» тұрғын үйлеріне үлескерлер ақша салып, 3 жылдан бері баспанасын ала алмай жүр. Кейбір тұрғындар жарнамасына сенгенін айтып шағымданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

үлескер
Фото: Ақтау қаласы әкімдігі

«Иса групп» ЖШС-не қарасты «Сұлтан», «Ақ қала», «Мұрагер» тұрғын үйлерінің үлескерлері Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиевпен кездесті.

Кездесуге Маңғыстау облысы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Дәурен Өтепқали, Ақтау қаласының прокуроры да қатысты.

Салымшылардың айтуынша, «Сұлтан» тұрғын үй кешенінің 2-4 қабаты тұрғызылған.

«Мұрагерде» 4 қабат қана салынса, «Ақ қаланың» іргетасы ғана құйылған.

— 2020 жылы басталған құрылыс әлі біткен. Біз бүкіл жиған-тергенімізді салдық. Енді үйлердің құрылысы жалғаса ма, әлде тоқтай ма? Бұрын қайда қарадыңыздар? Неге ертерек тексермедіңіздер? — деді үлескер Ақкенже Жұмағазина. 

Осы мәселеге орай қала басшысы тергеу жұмыстары аяқталған соң нақты жауабы белгілі болатынын жеткізді. 

әкім
Фото: Ақтау қаласы әкімдігі

— Қанша ақша кеткенін, әрбір тұрғын үй қанша пайызға құрылысы аяқталғанын тексеріп, нақты шығынды есептегеннен кейін іс сотқа жіберіледі. Сот шешіміне сәйкес құрылыс компаниясы үлескерлер қаражатын қайтаруы немесе құрылысты аяқтауы тиіс. Осындай шешім шығады деп жоспарлап отырмыз. Тергеу жұмыстары аяқталғаннан кейін нақты белгілі болады, — деді Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев.

Ал жиналысқа келген кей тұрғындар үйге ақша салу үшін жарнамаға сенгенін айтты.

— Бұл мәселені неге ертерек зерттеп, қозғамадыңыздар? Тұрғын үйге ақша салмас бұрын жарнамасын қарадым. Шыны керек, қызылды-жасылды баннер, жарнама парақшалары қалада ілініп тұрды. Соған сеніп ақша салдым. Оған қоса ел танитын блогерлер де жарнама жасады. Сондықтан сенімді компания шығар деп ойлап қалдық — деді үлескер.

Сонымен қатар, Ақтау қаласының әкімі тұрғын үйлерді қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етпей тұрып, жаңа тұрғын үй салуға рұқсат берілмейтінін айтты.

— Қалада көптеген құрылыс нысаны салынып жатыр. Соған байланысты инфрақұрылым мәселесі өзекті болып тұр. Кейбір тұрғын үйлерге жарық, су, жылу жетпей жатыр. Инфрақұрылымды бүкіл үйге жеткізбей, жаңа үйлер салуға рұқсат беруге болмайды, - деді ол.