Ақтауда дәрігер пациентіне 3 млн теңге моральдық өтемақы төлейтін болды
АҚТАУ. KAZINFORM – Ақтауда сот пластикалық отадан кейін денсаулығына зиян келген әйелдің талап-арызын ішінара қанағаттандырды. Сот дәрігерден пациенттің пайдасына 3 миллион теңге моральдық зиян өтемақысын өндіру туралы үкім шығарды. Бұл туралы соттың баспасөз қызметі хабарлады.
Ақтау қаласының №2 сотында тұрғынның хирургке қатысты материалдық шығынды өтеу және моральдық зиян үшін өтемақы өндіру туралы азаматтық ісі қаралған. Дәрігер медициналық қызметті Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі берген лицензия негізінде жүзеге асырған.
Сот материалдарына сәйкес, 2022 жылғы маусымда дәрігер әйелге бет пішінін түзету үшін пластикалық ота жасаған. Хирургиялық араласудан кейін оның беті мен құлақ тұсында қалың тыртықтар пайда болып, сыртқы келбеті өзгерген. Алғашқы емдеу шараларына қарамастан, пациенттің жағдайы жақсармаған. Сондықтан ол басқа мамандардың көмегіне жүгінуге мәжбүр болған.
2025 жылы Алматыда әйелге қайта түзету отасы жасалған. Алайда одан кейін бет жүйкесінің бір тармағы зақымданып, жұмсақ тіндері деформацияланған. Соның салдарынан пациент ұзақ уақыт бойы физикалық жайсыздықты бастан өткерген.
Әйел сотқа жүгініп, медициналық қызметтің сапасыз көрсетілуіне байланысты 20 млн теңге материалдық шығын және 10 млн теңге моральдық өтемақы өндіруді сұраған.
Бірақ, сот материалдық шығынды өтеу туралы талапты қанағаттандырудан бас тартты. Өйткені талап қоюшы кейінгі емделуге жұмсаған барлық шығынын құжаттармен растамаған.
Сонымен қатар сот сараптамаларының қорытындылары медициналық қызметтің сапасыз көрсетілуіне байланысты денсаулыққа зиян келгенін және моральдық зардап шеккенін растаған.
Осы мән-жайларды ескере отырып, сот талап-арызды ішінара қанағаттандырып, дәрігерден пациенттің пайдасына 3 млн теңге моральдық зиян өтемақысын өндірді. Сот шешімі заңды күшіне енген.
Бұған дейін, Ақтауда экс-депутат жеке клиникада ота кезінде комаға түсіп, көз жұмған болатын.