Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Ақтауда дзюдодан ашық Азия кубогы мәреге жетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақтаудағы «Маңғыстау-арена» спорт кешенінде ерлер мен әйелдер арасында дзюдодан Тұрар Жолдыбаевты еске алуға арналған ашық Азия кубогы мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Ақтауда дзюдодан ашық Азия кубогы мәреге жетті

Қазақстан дзюдо федерациясының сайтынан алынған мәліметке қарағанда, аталмыш турнир 2009 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді.

Биыл Азия дзюдо одағының күнтізбесіне сәйкес өткізілген жарысқа Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Грузия, Грекия, Қырғызстан және Моңғолиядан 100-ден астам дзюдошы қатысып, бақ сынады.

Қазақстан құрамасы 7 алтын, 10 күміс, 13 қола медальмен жалпыкомандалық есепте бірінші орынды жеңіп алды. Қоржынында 4 алтын жүлде бар Грекия екінші орынға ие болса, 1 алтын, 1 күміспен Тәжікстан үздік үштікті түйіндеді.



Қазақстаннан Сұңғат Жұбатқан (66 кг), Әділ Оразбаев (+100 кг), Әйгерім Әбілқадырова (52 кг), Анна Казюлина (57 кг), Иоланта Бердібекова (63 кг), Зарина Райфова (-78 кг), Саида Қапсалықова (+78 кг) алтыннан алқа тақты.

Қола жүлдеге ие болғандар қатарында батысқазақстандық Нұрымжан Ғаббасов та (90 кг) бар.

Айта кетейік, Тұрар Жолдыбаевты еске алуға арналған ашық Азия кубогы лицензиялық турнир болып табылады. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне рейтингтік ұпай беріледі. Мысалы, чемпион 100 ұпайға ие болса, екінші орын иегеріне 60, қола жүлдегерге әлем рейтингінде 40 ұпайдан қосылады.