Ақтауда екі баланың қазасына себепші болған көршісі 10 жылға сотталуы мүмкін

бала өлімі
Фото: Маңғыстау өңірлік коммуникация орталығы

Ақтауда қос бүлдіршіннің қазасына абайсыз әрекет еткен көршісі айыпты. Күдікті 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы полиция департаменті тергеу басқармасы бастығының орынбасары Нұралин Баржиков мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.

Өткен сенбі, яғни 21 қазанда 7-шағынаудандағы пәтерлердің бірінде көршісінің қандаланы улағанынан екі бала қайтыс болған еді. 

Қазіргі таңда уланған екі нәрестенің қаза болу фактісі бойынша тергеу жүріп жатыр. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы барған.

Сол пәтерге көрші тұратын әйел кешкі сағат 17:00–де пәтерді беймәлім құралмен улап, көршілеріне ескертпестен туысының үйіне кеткен. 

— Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 304-бабы 3-бөлігі (санитариялық қағидаларды бұзу дерегі) бойынша тіркеліп, сараптама тағайындалды, — деді Нұралин Баржиков.

Уланған екі бала қайтыс болып, үйдегі тағы бес адам ауруханаға жеткізілген.

— Оларға тиісті ем-дом жасалып, қазіргі таңда 3 ересек адам үйіне шықты. Ал бір жасөспірім жансақтау бөлімінен жалпы бөлімшеге шығарылды. Тағы бір баланың жағдайы бірқалыпты, — деді Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бибізада Дүйсенбаева. 

Ал Ақтау қалалық санитариялық-эпидемиологиялық басқармасының басшысы Асима Жарылғасова тұрғындарды үй-жайды дезинфекциялатын кезде оған арналмаған өнімдерді қолданбауға шақырды.

— Пәтерді зиянкес жәндіктерден залалсыздандыру үшін улау жұмысын өз бетінше жүргізуге тыйым салынады. Оны рұқсаты бар арнайы мамандырылған мекемелер жасайды, мұндай шара жауапкершілікті талап етеді. Бұл жағдайда өз денсаулығыңыз ғана емес, өзгелердің, яғни көршілердің де өміріне жауапкершілік аласыздар. Сондықтан сақтық шараларын қатаң сақтауға және өзгенің өміріне салғырт қарамауға шақырамыз, — деді Асима Жарылғасова.

Тұрғындар Ақтау қаласында тіркелген мына залалсыздандыру бекеттеріне хабарласа алады:

1. «Дезинфекция — Теміржолы» мекемесі — 87014980227, 87016236595
2. ПК «Медик гигиенист» — 50-13-91, 87013508316
3. ИП Избасова С — 87759208188
4. ТОО «ПрофДезГарант» — 50-10-96, 87771111859
5. ТОО «Каспий Строй Консалтинг» — 33-49-90, 87014104282
6. ТОО «Мангистау Санация Актау — 87017802291, 87012495152
7. TOO „Kaspi Qizmet“ — 87013874422
8. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Маңғыстау облысы бойынша ҚОО3 „Ұлттық сараптама орталығы“ — 50-32-94, 87755516797

Соңғы жаңалықтар