Ақтауда экс-басшыға жымқырған сомадан 10 есе көп айыппұл салынды

АҚТАУ. KAZINFORM — Ақтауда «Ақтау электр желілері басқармасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының бұрынғы басшысы алаяқтық жасағаны үшін сотталды. Сот үкіміне сәйкес, ол қол астындағы қызметкерлерден 2,73 млн теңге жинап, жеке басының қажетіне жұмсаған. Сот оған жымқырылған сомадан он есе көп, яғни 27,3 млн теңге айыппұл салды.

айыппұл
Фото: Kazinform

Сот материалдарына сәйкес, 2026 жылдың маусымында кәсіпорын басшысы қызметкерлерге прокуратура тексеріс жүргізуі мүмкін екенін айтып, 20 млн теңге айыппұл салынуы ықтимал екенін жеткізген. Оның сөзінше, мәселені 3 млн теңгеге шешуге болатын болған. Ақшаны сол күні жинау талап етілген.

Іс материалдарына сәйкес, басшылықпен әңгімеден кейін қызметкерлерге 300 мың теңгеден аванс берілген. Әрқайсысы осы сомадан 273 мың теңгеден тапсырған. Нәтижесінде 2,73 млн теңге жиналған. Сот анықтағандай, кәсіпорын басшысы бұл ақшаны иемденіп, жеке мақсатына пайдаланған.

Алайда сот үкімінде көрсетілгендей, 2026 жылы прокуратура кәсіпорында тексеріс жүргізбеген.

Сот ер адамды мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген тұлғаның алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Жаза тағайындау кезінде материалдық залалды өтеуі, кәмелетке толмаған балаларының болуы және жасаған ісіне өкінуі ескерілген. Жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.

Айыппұлдан бөлек, сотталған азамат өмір бойына мемлекеттік қызметте, мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазым атқару құқығынан айырылды. Сондай-ақ жәбірленушілерге өтемақы төлеу қорына 86 500 теңге және сот сараптамасына жұмсалған шығын ретінде 840 теңге 50 тиын өндіріп алу туралы шешім шығарылды. Ал 2,73 млн теңге мемлекет кірісіне тәркіленеді.

2026 жылғы 11 тамыз бен 1 қазан аралығында қамауда болған уақыты айыппұл есебіне жатқызылған. Осыған байланысты төленуге тиіс айыппұл мөлшері 26 млн 417 мың 700 теңге болып белгіленді. Үкім жарияланғаннан кейін ер адам сот залында қамаудан босатылған.

Еске салайық, бұған дейін Петропавл мектебінде 89 млн теңге жымқырылған: бухгалтер мен мұғалім сотталғанын жазған едік.