Ақтауда еліміздегі ең ірі демалыс кешенінің іргетасы қаланды

Ақтаудан 20 шақырым жерде 160 гектар аумақты алатын демалыс аймағы 2020 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Туристік нысанда орналасатын 4 жұлдызды қонақ үйдің іргетасын қалауға Премьер-министр Асқар Мамин арнайы келді. Отандық туризмді дамыту үшін жобаның жаңа мүмкіндіктерін ашатынын айтып, сәттілік тіледі.
Түркиялық мердігер компания өкілдерінің айтуынша, курорттық аймақта жағажай клубы, теннистік корт, футбол алаңы, ойын-сауық орталығы, жылытылатын бассейн, Қазақстандағы ең ірі аквапарк, СПА болады. Жалпы, кешен 4 кезеңге бөлініп салынады және 18 шақырымға жалғасады. Айта кетейік, қонақ үй бір мезгілде 1 мыңнан астам адамды қабылдауға қауһарлы.
«Жобаға 57 млрд теңге бөлініп отыр. Бірінші кезеңде 440 нөмірлі қонақ үй саламыз, 2-ші, 3-ші кезеңде гольф орталығы мен ойын-сауық орталығы, соңғы кезеңде - аквапарк, 9 атракцион, соңғы технологиялармен жабдықталған көңіл көтеру орталығы болады. Осы аптада құрылыс басталады»,-дейді жоба сәулетшісі Сельчук Йелкен.
Былтыр Елбасы Ақтау саммиті кезінде қаланың болашақта Қазақстанның Анталиясына айналатынын айтқан еді. Міне, алғашқы қадам жасалды.
Айта кету керек, бұл шара - 15 мамырда өткен Астана экономикалық форумының жемісі. Форум аясында облыс әкімі Ералы Тоғжанов шетел инвесторымен ірі жобаны жүзеге асыру жөнінде келісімге келген еді.