Ақтауда ерекше көше шамдары орнатылмақ
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтаудан әуежайға баратын орталық жолға ерекше безендірілген бағаналар орнатылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қала әкімі Ғалымжан Ниязовтың айтуынша, орнатылатын жаңа шамдар кешке қарай әр түрлі түске өзгереді.
«Маңғыстауға келетін қонақтар мен туристер осы жолмен өтеді. Қаладан сыртқа шығатындар да осы жолдан кетеді. Тек жарық шамдар ғана емес, жолдың бойындағы айналманы да безендіріп, өзгерту керек. Нақты ұсынысты енгізіңіздер», - деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.
Аймақ басшысы қала әкіміне жаңа жобаларға білікті дизайнерлерді қатыстырып, дайындап әкелуге 1 апта уақыт берді.
Сондай-ақ, қала ішіндегі 18,5 шақырымды құрайтын жолға күн сәулелері арқылы жұмыс жасайтын жарықтандырудың жаңа үлгісін орнатылады. Негізгі әріптес Қытай компаниясы. Заманауи жарықдиодты шамдар энергияны 70%-ға үнемдейді. Таңертең автоматты түрде өшіп, күн батқанда өзі қосылады. Жоба мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында іске асады.
Айта кетейік, Ақтау-әуежай бағытындағы жолдың ұзындығы 20 шақырым. Оған 711 бағана қойылмақ.