Ақтауда газды поршенді электр станциясы іске қосылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында «ҚазАзот» ЖШС-де газды поршенді электр станциясы іске қосылды. 13 желтоқсанда өткен салтанатты рәсімге ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев пен Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Ақтауда  газды поршенді электр станциясы іске қосылды

«2015 жылы 2015-2019 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының аясында Индустрияландыру картасына технологияларды жаңғырту бойынша «ҚазАзот» ЖШС жобасы кірген болатын. Ол 3 кезеңнен тұрады, соның бірі - газды поршенді электр станциясын іске қосу. Аймақ үшін бұл - жаңа жұмыс орындарының ашылуы, экономиканы әртараптандыру, индустрияландыру мен облыстың экспортты әлеуетін дамыту болып табылады. Еліміздің индустрияландыру бағдарламасы мен отандық тауарларды сыртқы нарыққа шығаруға айтулы үлес қосқандарыңыз үшін «ҚазАзот» кәсіпорнының ұжымына зор алғысымды білдіремін», - деді Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев.

«ҚазАзот» ЖШС - Қазақстан Республикасындағы азотты минералды тыңайтқыштардың 90%-ын өндіретін ірі кәсіпорын. 2012-2014 жылдары үдемелі индустриалды-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпорынмен цехтарды жаңарту жұмыстары жүргізілді. «Шағырлы-Шөмішті» газ өңдеу кенорнының жобасы сәтті жүзеге асырылды. Өткен жылы табиғи газды өнеркәсіпті өндіру басталды.